Тасқын су басқан Құлсарыны дамытудың стратегиялық жоспары жасалған

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысындағы тасқын су басқан Құлсарыны дамытудың стратегиялық жоспары жасалған.

су тасқыны
Фото: Атырау облысының әкімдігі

Бұл туралы Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Құлсарыда тасқын судан зардап шеккен тұрғындармен кездесуде айтты.

Серік Шәпкеновтың айтуынша, Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласындағы Махамбет даңғылында орналасқан 2 қабатты 8 апатты үйді бұзу мәселесі шешімін тапқан.

«Тұрғындар көтеріп отырған мәселенің бірі – Достық шағын ауданы мен 5-учаскенің аралығын жалғайтын көпірді жаңарту мәселесі. Бұл көпірдің тозығы жеткен. Сол себептен, оны жаңартуға қажетті қаржы бөлініп, жұмыстар басталады. Құлсары қаласын дамыту жоспары бойынша барлық жұмыс атқарылады. Алайда, дәл қазіргі сәтте бірінші кезекте тұрған міндет – cу тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың шығындарын өтеу, қалыпты өмір сүруге оралуына қолайлы жағдай жасау. Қазір барлық күш тұрғын үйлерге техникалық зерделеу мен бағалау жүргізуге жұмсалып отыр. Дайын құжаттардың алғашқы легі қолымызға тие бастады», -деді Серік Шәпкенов.

Еске сала кетелік, бұған дейін Құлсарыдағы су тасқынынан кейін апатты жағдайда тұрған 756 үй анықталғанын жазған едік.

Сондай-ақ, Құлсарыда үйді бағалау қорытындысымен келіскен 6 отбасы өтемақыға өтініш берді.

 

Соңғы жаңалықтар