Тасқын судан Атырау қаласы мен 4 ауданның шаруа қожалықтары зардап шеккен

Су тасқыны
Фото: видеодан алынған скрин

АТЫРАУ. KAZINFORM – Тасқын судан Атырау қаласы мен 4 ауданда тіркелген шаруа қожалықтары зардап шеккені анықталып отыр. 

Атырау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бөлім басшысының міндетін атқарушы Азат Қапановтың айтуынша, су тасқынынан зардап шеккен аудандарда шаруа қожалықтарына өтемақы төлеу бойынша комиссия құрылып жатыр.

«Биыл Атырау облысында 10 825 гектар алқапқа егін егу жоспарланды. Тасқынның салдарынан егін егілген 85 гектар алқап су астында қалып отыр. Көктемгі дала жұмысын жүргізуге арнайы дайындалған жердің 4 мың гектарды су басты. Ауыл шаруашылығы министрлігінің тасқын судан зардап шеккен өңірлерге өтемақы төлеу жөніндегі қағидасына сәйкес аудандарда арнайы комиссияларды құру қолға алынды. Бұл комиссиялар су тасқынынан зардап шеккен ауыл шаруашылығы құрылымдарының жетекшілерінен өтініштерді қабылдайды. Шаруашылықтардың шығыны өтелетін болады», - деді Азат Қапанов. 

Оның айтуынша, Атырау қаласы аумағында су тасқынынан алма бағы, егістік алқабы бар шаруашылықтар зардап шеккен. 

«Тасқын судан Қызылқоға, Жылыой, Махамбет, Индер аудандарында және Атырау қаласындағы шаруа қожалықтарының бірқатары зардап шекті. Қазір облыс аумағында 500 гектардан астам егін алқабы су басу қаупі бар аумақта тұр. Бұл аумақтар қоршалып, бөгет орнатылған. Мәселен, Махамбет ауданындағы осындай аумақта егін шаруашылығымен айналысатын 7, мал өсіретін 19 шаруа қожалығы бар», - деп мәлім етті Азат Қапанов.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысының Махамбет ауданында 66 егін алқабы тасқын су астында қалғанын хабарлаған едік. 

Соңғы жаңалықтар
telegram