Тасқын суды кәдеге жарату: елдің бес облысында зерттеу жүргізілді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бес облысында көктемгі тасқын суды жер астына жинап, су қорын толықтыру мүмкіндігі зерттелді. Бұл туралы Құрылтай депутаты Айжан Сқақова халықаралық конференцияда айтты.
Депутаттың айтуынша, Қазақстанда көктемде су тасқыны болған өңірлердің өзі жазда су тапшылығына тап болуы мүмкін. Сондықтан ғалымдар тасқын суды тек қауіп ретінде емес, сақтап, кейін пайдалануға болатын ресурс ретінде қарастыруды ұсынып отыр.
— Көктемде Қазақстанның кейбір өңірлерінде ауқымды су тасқыны болады, ал жазда сол аумақтардың өзінде су тапшылығы сезілуі мүмкін. Осы орайда тасқын суды тек қауіп ретінде емес, сақтауды үйренуіміз қажет ресурс ретінде қарастыра аламыз ба деген сұрақ туындайды, — деді Айжан Сқақова.
Оның айтуынша, осы мәселені зерттеуге арналған ғылыми жоба Жамбыл, Алматы, Жетісу, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарын қамтыған.
Жобаның негізгі мақсаты — тасқын суды жер астындағы су қабаттарына жинау мүмкіндігін анықтау. Халықаралық тәжірибеде бұл тәсіл Managed Aquifer Recharge, яғни жерасты су қорын басқарылатын әдіспен толықтыру деп аталады.
Зерттеу барысында ғалымдар спутниктік деректерді, геоақпараттық жүйелерді, жер бедерінің цифрлық үлгілерін және гидрогеологиялық модельдеу әдістерін пайдаланған. Соның көмегімен тасқын суды жинауға қолайлы аумақтарды анықтау мүмкіндігі қарастырылған.
Айжан Сқақованың сөзінше, биыл аяқталған ғылыми жобаның нәтижелерін Ғылым комитетіне тапсыру жоспарланып отыр. Бұл деректер алдағы уақытта су ресурстарын басқару саласындағы зерттеулер мен жаңа шешімдерді әзірлеуге пайдаланылуы мүмкін.
Айта кетейік, бұған дейін осы жиында Құрылтай депутаты ауыл шаруашылығы саласындағы ғылыми жобаларды қаржыландыру мерзімін қазіргі 3 жылдан 5–10 жылға дейін ұзартуды ұсынған еді.