Тасқыннан зардап шеккендердің мүгедектік мерзімі автоматты түрде ұзартылады

арба
Фото: Pexels

АСТАНА. KAZINFORM – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми өкілі Мадияр Уақпаев төтенше жағдай режимі жарияланған аудандар мен қалалардағы атаулы әлеуметтік көмек алушылардың әлеуметтік мәртебесі автоматты түрде ұзартылатынын айтты. 

«Төтенше жағдай режимі жарияланған аудандар мен қалалардағы атаулы әлеуметтік көмек алушыларға мемлекеттік орындарға жүгінбей осы жылдың екінші тоқсанында автоматты түрде ұзартылады. Көмек көрсетуге алғаш рет өтініш білдіретін азаматтар электронды үкімет порталы арқылы жүгіне алады. Төтенше жағдай режимі жарияланған аудандар мен қалаларда тұратын мүгедектігі бар азаматтарға 2024 жылғы II тоқсанда қайта куәландыруға тиіс келесі қызметтер төтенше жағдай режимі аяқталғанға дейін автоматты түрде ұзартылады: мүгедектік мерзімі, жалпы еңбекке қабілетінен айырылу дәрежесі, кәсіптік еңбекке қабілетінен айырылу дәрежесі және оңалтудың жеке бағдарламалары. Бұл ретте төтенше жағдай режимінің әрекет ету мерзімі аяқталған ай да толық есептеледі. Мемлекеттік жәрдемақы төлеу бұрын белгіленген мүгедектік тобы бойынша жүзеге асады», - деді ресми өкіл.

Мадияр Уақпаевтың сөзінше, бұл шаралар әлеуметтік көмек алушы отбасылар мен мүгедектігі бар азаматтарға мемлекеттік қолдауды уақтылы көрсетуге мүмкіндік береді. 

«Мүгедектігі бар азаматтар бірінші кезектегі тәртіппен санаторийлік-курорттық емдеумен және техникалық құралдар болмаған немесе су басу кезінде зақымданған жағдайда қамтамасыз етіледі», - деді ол.

 

Соңғы жаңалықтар