Тасқыннан жапа шеккендердің несиесін шегеру алгоритмі қаралып жатыр

кредит
Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық банктің басқарма төрағасы Тимур Сүлейменов БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз мәслихатында тасқыннан зардап шеккен қазақстандықтардың несиесін шегеру және кешіру алгоритмін қай орган әзірлеп жатқанын айтты.

«Тасқыннан зардап шеккен тұрғындардың көбінің көлігі, үй, мал-жайы мен техникасы несиеге алынғаны белгілі. Осы несиелерді кешіру немесе шегере тұрудың ортақ алгоритмін кім әзірлеп жатыр? Ұлттық банк бұл іске қалай атсалысады?» деп сұрады журналист.

Ұлттық банк басшысы бұл мәселеге өздерінің жанама ғана қатысы бар екенін атап өтті.

«Жалпы банктерді қадағалау, банктерді реттеу - біздің де құзырымыздағы шаруа. Бірақ ең бірінші онымен айналысатын — Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі. Сондықтан, қазіргі таңда тасқыннан зардап шеккендердің несиесін кейінге шегеру немесе каникул беру, толығымен кешіру сияқты мәселелерді осы агенттік қарап жатыр. Керек болса, ол жұмысқа біз де қосыламыз. Бірақ қазіргі таңда Қаржы нарығы агенттігінің қарауында бұл мәселе», — деді Тимур Сүлейменов.

Соңғы жаңалықтар