Тасқынның екінші толқыны: ШҚО аумағының жартысына жуығында әлі қар жатыр

Қоянды
Фото: Оралхан Қожанов/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында су тасқынының екінші толқыны басталды. Бұл туралы ШҚО ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының аға инженері Аяулым Кекиева айтты.

«Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысының аймақтарында және таулардың оңтүстік беткейлерінде қар жамылғысының еруі басталды. Яғни, облыста су тасқынының екінші толқыны басталды деп болжанады. Облыстың солтүстік, солтүстік-шығыс және шығыс аудандарында, атап айтқанда, Риддер қаласында, Алтай, Самар, Марқакөл, Глубокое, Катонқарағай, Күршім, Шемонаиха аудандарында су тасқыны қаупі туындауы мүмкін», — деді ол орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте. 

Оның дерегінше, облыс аумағының 44 пайызы қар жамылып жатыр. Көптеген аудандарда қар қоры және ондағы судың мөлшері нормадан 1,5-2 есе жоғары.

«Барлық гидротехникалық құрылыстар штаттық режимде жұмыс істеуде. Су тасқыны жағдайын уақытылы бағалау үшін тұрақты түрде аэровизуалдық тексерулер жүргізіледі. Мобильді топтар күн сайын тәулік бойы мониторинг жүргізеді. Жағалауды нығайту және өзендердің түбін тереңдету, бөгет салу, қапшық төсеу жұмыстары қолға алынған. Жергілікті атқарушы органдар арналарды, арықтар мен көпірлерді тазарту бойынша жоспарланған жұмысты толық көлемде аяқтады. Облыста жедел штаб жұмыс істеп тұр. Барлық қызметтердің жұмысы үйлестірілген. Күш-құралдар әзір», — деді Аяулым Кекиева.

 

Соңғы жаңалықтар