«Тасқын құрбандарының саны көбейіп келеді» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. Наурыздың 13-і. /ҚазАқпарат/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда наурыздың 13-і, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстанның индустриялық даму мәселесін талқылаған кеңес өтті. Оның жұмысына Премьер-Министр К.Мәсімов, Мемлекеттік хатшы - ҚР Сыртқы істер министрі Қ.Саудабаев, Президент Әкімшілігінің Басшысы А.Мусин, Үкімет мүшелері, орталық мемлекеттік органдардың жетекшілері мен еліміз өңірлерінің әкімдері қатысты. Осыған орай «Егемен Қазақсан» газетінің сенбілік санында «Ел қуатын еселеу жолы» деген тақырыппен көлемді мақала басылды. Басылымның жазуынша, Елбасы іске қосылған нысандардың жобалық қуатында жұмыс істеуіне дұрыс мән берілмейтіндігін атап өткен. Жаңа нысан алдындағы лента қиылып, оның ашылуы әйгіленісімен мұнан кейін не болып жатқандығы естен шығып кетеді. Демек, іске қосылған кәсіпорындардағы жұмыс барысы бұдан былай үнемі назарда болуы керек.
Ал осы тақырыпты одан әрі қаузаған «Айқын» газеті «Әкімдер елге көргенсіз қылықтарын көрсетсін деп емес, халыққа қызмет етсін деп қойылған!» деген тақырыппен мақала жариялап, онда «Елбасы өрлеу бетбұрысын жариялады. Ел енді соған лайық өзгерістер күтеді. Президент үміт пен сенімді ақтады: кеше Елбасы бірқатар жаңа ауыс-түйістер жасап, билікті де, қоғамды да дүр сілкіндірді! Көшбасшымыздың алға қойған міндеттері жауапкершілікпен орындалуға тиіс. Ал осы қадам арқылы Н.Назарбаев оларды орындатпай тынбайтынын танытты», делінген.
«Алаш айнасы» газеті де Елбасы төрағалығымен өткен алқалы жиынға аса мән беріп, бүгінгі нөмірінде «Министрліктердің аты да, заты да өзгерді» деген тақырыппен мақала басты.
Ақордада өткен келелі кеңес жайында егжей-тегжейлі мағлұмат алғыңыз келсе аталған басылымдарды, сондай-ақ «Казахстанская правда», «Литер», «Экспресс-К» газеттерін оқыңыз.
«Егемен Қазақстан» газетінің ҚР Президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауынша, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысының Ақсу ауданындағы «Қызылағаш» су қоймасындағы бөгеттің бұзылуы салдарынан қаза болғандардың отбасыларына көңіл айту жеделхатын жолдады. «Адам өліміне әкеліп соққан Алматы облысының Ақсу ауданындағы «Қызылағаш» су қоймасында орын алған апат туралы хабарды қайғыра қабыл алдым. Қазақстан халқының және жеке өз атымнан қаза болғандардың туғандары мен жақын туыстарына, сондай-ақ апат салдарынан зардап шеккендердің барлығына қайғырып көңіл айтамын», делінген көңіл айту жеделхатында.
Президенттің тапсырмасы бойынша апаттың орын алу себебі мен оның салдарларын жою және зардап шеккендерге қажетті көмек көрсету үшін Үкіметтік комиссия құрылды.
Елбасының көңіл айтуы жеделхаты «Айқын», «Казахстанская правда», «Алаш айнасы» газеттерінде де жарияланды.
Осы басылымнан кеше Елбасы төрағалығымен өткен Ақорда жиынында құрылған министрліктердің басшыларын тағайындау туралы ҚР Президентінің Жарлықтарымен таныс бола аласыздар.
«Кеше Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен Алматы облысының Ақсу ауданындағы төтенше жағдайлардың салдарын жою жөнінде үкіметтік комиссия құрылды. Төтенше жағдайлар министрі В.Божко бастаған комиссия құрамына Денсаулық сақтау министрі Ж.Досқалииев, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық агенттігінің төрағасы С.Нөкин, Көлік және коммуникация, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ауыл шаруашылығы, Білім және ғылым, сондай-ақ Ішкі істер министрліктерінің өкілдері енді», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, Алматыда қымбат көліктерді ұрлаумен айналысқан қылмыстық топтың ұйымдастырушысы мен екі мүшесі ұсталған. Аталған топ ұрланған көліктерді Қырғыстанға апарып сатып отырған.
«Үкіметтегі өзгерістер нені аңғартады?». «Айқын» газетінің осы сауалына жауап берген Ұлттық саяси зерттеулер институтының директоры Бөріхан Нұрмұхамедов «бірден Премьер-Министрді өзгертпей, алдымен үкімет құрылымын жаңартуда, Үкіметті ауыстыру ішкі саяси процестерге әсер етеді. Сондықтан билік жалғастығын сақтау үшін жаңа министрлерді тағайындап алдық. Соның нәтижесінде, Үкімет алмасқан кезде, тек екі-үш министр ауысатын болады», десе, «Кто есть кто?» биографиялық энциклопедиясының редакторы Данияр Әшімбаев «Мен бұл өзгерістерге аса мән бермес едім. өйткені оның үлкен салдары болмайды. Үкімет ауысуы әдетте мұндай құрылымдық өзгерістермен байланысты емес. Министрліктердің қайта құрылуы - техникалық тұрғыда жасалған тактикалық қадам», деп пікірлерін ортаға салған.
***
«Ағайын, апат келді! Алматы облысы тұрғындарының қар ери бастағалы баспанасы мен қора қопсысына су кіріп, берекеті қашқаны түк емес болып шықты. «жағдай қалыпқа түсті, өзге қауіп жоқ» деген мамандардың сөзі де бекер екен. Қазір су қоймалары деңгейінен тасып, ауылдарды түгел жұтып жатыр. Айтпай келген апаттың салдарынан бейқам жатқан ондаған тұрғын ажал құшты», деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Жазылған жайттың егжей-тегжейін білгіңіз келсе басылымның бүгінгі санында жарық көрген «Тасқын құрбандарының саны көбейіп келеді» деген мақалаға назар салыңыз.
«Алаш айнасы» газетінің дәстүрлі «Ой-көкпар» айдарында «Өздерінде спутниктік сигнал таратамыз деп, Ресейдің ТМД-дан трансляция талап етуіне көну керек пе?» деген сауал қойған. Оған жауап берген «Хабар» телеарнасының бас продюсері Серік Абас-Шах «егер де қазақстандық телеарналар шетелдік өнімдерден арылуды жүзеге асыра бастаса, онда өз көрермендерімізге әзірге татымды еш нәрсе ұсына алмасымыз анық. Қалай болған күнде де, біздің телевизия үлкен бәсекелестікке дайын емес. Бұл ретте Ресейдің өз мүддесін қорғауы заңды да», десе «Алматы» телеарнасы бас директорының бірінші орынбасары Серік Әбікенұлы «Ресей билігі ТМД елдерінде өз телеарналарының таралуының шектеле бастауына қатты алаңдап отыр. осы тұрғыдан алғанда, Медведевтің телевизия саясатына баса назар аударуының саяси астары басым. Мұнда оның ресейліктердің емес, тек қана орыс мұжығының мүддесін қорғауы тегін емес», депті.
***
«Астана ақшамы» газетінің сенбілік нөмірінде «Нау, науша, наурыз» атты көлемді мақала жарияланды. Танымдық мақалада жазылған жайттармен кеңінен танысқыңыз келсе басылымның бүгінгі санына назар аударыңыз.
Осы басылымда Жеңістің 65 жылдық мерейтойына орай бірқатар мақалалар топтамасы берілген. Сондай-ақ газет «Менің атам - майдангер» атты мектеп оқушылары арасындағы шығармалар байқауының басталғандығын жариялап, бәйге шарттарын берген.