Тасқын судан бұзылған жолдар жөнделді - Қазақавтожол

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақавтожол» су тасқыны салдарынан бұзылған 40-тан астам автожол учаскесін қайта жөндеді. Бұл туралы брифингте «Қазақавтожол» РМК бас директоры Ұлан Әліпов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Тасқын судан бұзылған жолдар жөнделді - Қазақавтожол

«Су деңгейнің көтерілуі басталғаннан бері еріген қар суының автожол үстінен 96 рет асып төгілуі тіркелді. Су тасқынының салдарынан 42 учаскеде автомобиль жолдары мен жолдағы жасанды құрылыстар бұзылып, зардап шекті. 2016 жылғы жағдаймен салыстырғанда, судың жолдан асып төгілуі былтырғы көрсеткіштен 3 есе, жолға және жасанды құрылыстарына зақым келтіруі 2,5 есе асып түсті. 41 автожол учаскесі бойынша су тасқыны зардаптарын қалпына келтіру шаралары аяқталды. 180 метр жол қабаты, 7,1 мың метр жол жиегі, 13 су өткізу құбыры қалпына келтірілді», - деп атап өтті Әліпов.

Сонымен бірге ол «Кешенді мақсатты бағдарлама» аясындағы екі айлық жұмыстардың бағыттары атады.

Бұл тұрғыда шұңқыр жөндеу, жолтабандар мен жол тарамдарын жою, жол белгілерін орнату, жол қоршауларын жөндеу, жүргін бөлікті сызып белгілеу, автопавильондар мен демалыс алаңдарын жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

«Бүгінгі таңда барлық жұмыс кестеге сәйкес атқарылуда және биылғы жылдың 15 маусымына дейін КМБ жоспарының 60 пайызын орындауды белгіледік», - деді Ұлан Әліпов.