Тасқын судың салдарынан болған мал шығынының орны толды - БҚО

Жалпы, өңірде табиғи апаттан ауыл шаруашылығы саласына 126,7 млн. теңге шығын келген болатын. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Марат Оңғарбековтің сөзіне қарағанда, тұрғындардың суға кеткен малының орнын халық өзі толтырып берді. Атап айтқанда, облыс бойынша 79 бас ірі қара, 460 қой-ешкі, 102 бас шошқа шығын болған. Оның ішінде Ақжайық ауданында 58 сиыр, 25 қой-ешкі, Зеленов ауданында 9 сиыр, 206 ұсақ жандық, 53 шошқа, Тасқала ауданында 5 ірі қара, 189 қой-ешкі, 2 шошқа, Шыңғырлау ауданында 1 сиыр, 26 қой-ешкі, 1 жылқы, Орал қаласында 6 сиыр, 14 қой-ешкі, 47 бас шошқа суға кеткен. Мал шығыны қаржылай есептегенде 13,4 млн. теңгені құрайды. Бірақ бұл шығынның бәрін облыс өз ресурстары есебінен, халық асар жасап, орнын түгел толтырды. Мәселен, Қазталов пен Жәнібек ауданы әрқайсысы 10 бас, Жаңақала мен Бөкей ордасы ауданы - әрқайсысы 5 бас сиыр малын Ақжайық ауданындағы зардап шеккен жұртқа таратты. Ал қаратөбеліктер - 50, сырымдықтар - 56, Жаңақала ауданы - 100 бас қой-ешкіні Зеленов ауданында жапа шеккен тұрғындардың қорасына кіргізді. Тасқала ауданында тасқыннан малы опат болған халықты Бөкей ордасы ауданы - 120, Жәнібек 20 қоймен жарылқады. Шыңғырлау ауданы өз шығынын өзі жапса, Орал қаласына Теректі ауданы 6 сиыр, 8 қой, Бөрлі ауданы 29 шошқа жеткізген.
Облыстың егін, бау-бақша шаруашылықтары тасқын судың кесірінен 113,3 млн. теңге шығын тартқан. Зеленов ауданының өзінде 1887 тонна тұқымдық бидай су астында қалып бүлінген. Бұған қоса 1 мың тонна тұқымдық пияз, 50 мың түп өскін, 8 тонна картоп, 5 тонна сәбіз суға кетіпті. Астық сақтайтын бір қойма да бүлінді. Орал қаласында жалпы аумағы 1 мың шаршы метр болатын 4 жылыжай суға кетті. Бұл шығындардың орнын толтыруға ешқандай қаражат көзі қарастырылмаса да, табиғат апатынан тұқымдық қоры зардап шеккен шаруашылықтарға, соның ішінде ең көп шығын тартқан «Каркула» сияқты қожалықтарға жеңілдікті несие беру ойластырылуда.