Тасқын Жапарқұлов: Салық амнистиясы кәсіпкерлерге үлкен демеу

ЖАРКЕНТ. ҚазАқпарат - Әлеумет Елбасының әр жылғы Жолдауынан елді дамыту жолында жаңа леп, жақсы жаңалық күтетіні жасырын емес. Осындай үкілі үміт кәсіпкерлер үшін салықтық амнистия болып отыр. Бұндай пікірді Алматы облысы Панфилов ауданы Жаскент ауылдық округіне қарасты «Ернар» жеке шаруа қожалығының басшысы Тасқын Жапарқұлов білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тасқын Жапарқұлов: Салық амнистиясы кәсіпкерлерге үлкен демеу

Тасқын Тұрғанғазыұлының пікірінше, биылғы Жолдау қарапайым халықтың, шағын бизнес өкілдерінің де көңілінен шығады. Дәл осы бағытты мемлекеттік қолдау жалпы жұртшылықтың тұрмыс сапасына әсер ететіні де сөзсіз.

«Сондықтан да биылғы Елбасы Жолдауын аса маңызды әлеуметтік бағдарланған құжат деп қабылдауға болады. Өйткені бұнда әлеуметтің әлеуетін арттыратын жайттар кеңінен қамтылған. Мәселен, Президенттің бүлдіршіндердің мектепалды білім сапасын арттыруды тапсыруы, 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялауы, мұғалімдердің мәртебесін өсіру туралы пікірі, ең төменгі жалақы көлемін көбейту, дәрігерлік қызметті жақсарту, жалпы, азаматтардың жайлы өмір сүруін қамтамасыз ету туралы нақты тапсырмалары халықтың көңілінен шығып, жұртшылықтың қолдауына ие болды», - дейді қожалық басшысы.

Оның айтуынша, Жолдаудың кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған бөлігі де көңілден шығады.

«Дүниежүзілік банктің «Бизнес жүргізу жеңілдігі» рейтингісі бойынша Қазақстан 190 елдің ішінде 36 орынға көтерілді. Бұл бизнесті дамытуға қатысты өкіметтің ұстанымы дұрыс екенін білдірсе керек. Енді Елбасымыздың 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап шағын және орта бизнеске «салық амнистиясын» жариялауы - бұл салада жарқын істердің қанатын кеңінен жайдырады деп нық сенеміз», - дейді Тасқын Жапарқұлов.

Айта кетерлігі, Тасқын Жапарқұлов ұзақ жылдардан бері жүгерінің элиталық тұқымын өсірумен шұғылданып келе жатыр. Ол кезінде республикалық жер комиссиясының мүшесі болған. Бірнеше рет Алматы облыстық мәслихатының депутаттығына сайланған. «Ерен еңбегі үшін» және «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне - 20 жыл» мерекелік медалінің иегері. «Панфилов ауданының Құрметті азаматы».