Тасқынға дайындық: бірнеше ауданның су өткізу құрылымдары тексерілді - СҚО
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі су тасқынына әзірлік аясында бірнеше ауданның су өткізуқұрылымдары, көпірлері мен ауылдардың маңындағы қорғаныш үйінділерінің жағдайы тексерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, алдағы су тасқынына дайындық аясында ведомство басшысының орынбасары Мұрат Қанғажинов Аққайың, Тайынша, Шал ақын, Ғ. Мүсірепов, Айыртау, М.Жұмабаев, Тимирязев және Есіл аудандарында болды. Жергілікті жерлерде табиғи құбылыстың халыққа зардап әкелмеуіне ең алдымен әкімдіктер жауапты. Кездесулерде аудан аумағында су тасқынының қауіпсіз өтуінің өзекті мәселелері, жергілікті атқарушы органдардың, азаматтық қорғау қызметтері және құрылымдарының осындай қауіпті кезеңде төтенше жағдайдың алдын алуға дайындығы талқыланды.

Сондай-ақ, Тайынша ауданының Шағалалы өзеніндегі су өткізу құрылымдары, Аққайың ауданының Смирново, Рублевка, Аралағаш, Шал ақын ауданының Ақан Барақ және Городецкое ауылдарының қорғаныш үйінділері, Ғ.Мүсірепов ауданының Есіл өзені арқылы өтетін «Екатеринбург-Алматы» М-36 республикалық маңызы бар автожолының 769 шақырымындағы апаттық жағдайда тұрған көпір тексерілді. Ауыр инженерлік техниканың әзірлігі де назардан тыс қалмады.
«Облыста жылда көктемде тасқын су болу қаупі жоғары. Сол себепті осы табиғи құбылысқа ерте бастан дайындаламыз. Төтенше жағдайлар департаменті және жергілікті атқарушы органдар жағдайды бақылауда ұстайды. Жалпы аудандардың су тасқынына дайындығы тиісті деңгейде жүзеге асырылып жатыр. Елді мекендерден қар шығарылып, инертті материалдар дайындалуда. Өзендерде жарылыс жұмыстарын жүргізу үшін және инженерлік техниканы жалға алу үшін шарттар жасалып жатыр», - деді Мұрат Қанғожинов.
