Тасқыннан кейін семейліктер үйлеріне оралып жатыр
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Семейде су тасқынына байланысты жағдай реттелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ШҚО төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.
Ертіс өзенінде су деңгейі қалпына келе бастады. Адамдар бірте-бірте үйлеріне оралып жатыр. Қазірде Семейде 2 үй және 21 аула маңындағы аумақ су астында қалып отыр.
«Бүгін Семейдегі жағдай тұрақталды. Әлі су астында қалып отырған үйлерде мотопомпалар жұмыс істеп жатыр. Тасқын судан тазартылған аумақтарды тазалау жұмыстары жүргізілуде. Эвакуацияланған адамдардың көпшілігі үйлеріне қайтты», - дейді ШҚО ТЖД баспасөз хатшысы Анастасия Скляр.
Оның сөзіне қарағанда, табиғат апаты басталғалы бері ШҚО бойынша 2,5 мың адам қауіпсіз жерге көшірілген. Олардың барлығына психологиялық көмек көрсетілді.
Бұдан бөлек, Шүлбі су қоймасына тұрақты түрде мониторинг жасалып жатқанын айта кеткен жөн. Мамандардың сөзіне сенсек, жуық арада көп мөлшерде су жіберілмейді.
«Біз әр 2 сағат сайын Шүлбі су қоймасындағы судың деңгейін өлшеп отырмыз. Қазір ол 241 метр, 18 сантиметрге жетті. Күн сайын 1800 текше метр су жіберіледі. Жуық арада көп мөлшерде су жіберу жоспарда жоқ», - дейді төтенше жағдайлардың салдарын жою жөніндегі облыстық штабтың басшысы Серік Ақтанов.