Тасмағамбетов үкіметтік емес ұйымдардан көмек күтілетін бірқатар бағытты атады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін 7-ші Азаматтық форумда сөз сөйлеген ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов үкіметтік емес ұйымдардан көмек күтілетін бірқатар бағытты атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Келер жылдан бастап Үкімет сіздердің білім-тәжірибелеріңізді қажет ететін бірқатар маңызды бағыттарға ерекше мән беретін болады. Біріншіден, мектеп жасындағы балаларға салауатты өмір салтын насихаттап, тән мен жан саулығын қамтамасыз ету, кәсіптік бағдар беру, олардың биік рухани келбетін қалыптастыру, тағы да басқа көптеген тақырыптар қоғамдық ұйымдар үшін ерекше ден қоятын мақсатты шаралар болмақ», - деді вице-премьер.
Оның атап өтуінше, екіншіден, денсаулық сақтау мен медициналық қызметтің сапасын арттыру бағыты бойынша оның қолжетімділігін арттыру, медициналық сақтандыру мәселелерін насихаттау, туберкулез, диабет, қан қысымы сияқты қоғамдық індеттерге қарсы тұру, түрлі психологиялық консультативтік орталықтардың жұмысын ұйымдастыру тақырыптары өзекті болмақ.
«Үшіншіден, халқымыздың жаппай салауатты өмірін жақсарту. Осы бойынша тек тән саулығын ғана емес рухани өмірдің тазалығы, дін мен тіл, әдебиет пен мәдениет, салт пен дәстүр мәселелері алға шығады. Әрине, бұл тек жалпы мәселелер. Десе де, бұл жұмыстың қай-қайсысын алсақ та нәтижесін өздеріңіз сияқты көзі ашық, көкірегі ояу, білімі терең, білігі мол азаматтарсыз ұйымдастыруды көзге елестету мүмкін емес. Сіздердің қолдауларыңыз бен қатар шынайы әріптестіктеріңіз қажет. Сонда ғана осы атқарылып жатқан көп жұмыстың жемісі ел-жұртымыздың игілігіне айналатынына сенімдімін», - деді Тасмағамбетов.