«ТАСС» РАА Бас директоры: Н. Назарбаевтың кәсібилігі мен басқарушылық машығы тиімді шешімдерді өмірге әкелудің кепілі болады

Қазақстан Президенті атына шетел мемлекеттері мен үкіметтері басшыларынан, халықаралық және мемлекетаралық ұйымдардан, еңбек ұжымдарынан, мәдениет, білім және спорт саласы өкілдерінен құттықтау хаттар легі жалғасуда, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

«ТАСС» РАА Бас директоры: Н. Назарбаевтың кәсібилігі мен басқарушылық машығы тиімді шешімдерді өмірге әкелудің кепілі болады

Кеңес және Ресей жоғары оқу орындары түлектерінің Египет қауымдастығының төрағасы Ш.Гед соңғы жылдары Қазақстан бірқатар маңызды реформалар жасап, жаңа елорда - Астананы салғанын, сондай-ақ жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау саласында маңызы зор бастамалар көтеріп келе жатқанын айтады. Ол сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында Қазақстанның әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылу мақсаты қазірдің өзінде шынайы сипат ала бастағанына тоқталған.

Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының ректоры, РҒА академигі А.Торкунов Нұрсұлтан Назарбаевтың дана басшылығымен Қазақстан әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін едәуір жақсартып қана қоймай, инновациялық даму жолына да батыл түскеніне назар аударған.

«Сайлау нәтижесі Қазақстан халқы өзгерістерді оң бағалайтынын, Сізге сенім артатынын және ел татулық, тұрақтылық және гүлдену бағытында ілгерілеп бара жатқанына сенімді екеннін тағы дәлелдеді. Сізге Отаныңыздың игілігі жолындағы қызметіңіздің жемісті болуын тілеймін», - делінген жеделхатта.

Мәскеу драма театрының жетекшісі А.Джигарханян жылы лебізді құттықтауын жолдады.

«Сіз - ұлы елдің ұлы басшысысыз. Сіз ең күрделі, көпқырлы міндеттерді еңсере аласыз. Сіздің айналаңызға адамдарды тартып, достарыңыздың, үзеңгілестеріңіз бен пікірлестеріңіздің қатарын кеңейтетін жасампаз қуаттың ұзақ жылдар бойы сақталуын шын жүректен тілеймін», - деп жазады автор.

«ТАСС» РАА Бас директоры С.Михайлов Нұрсұлтан Назарбаевтың бай әрі жан-жақты тәжірибесі, кәсібилігі мен басқарушылық машығы Қазақстанды дамыту мен гүлдендіруге бағытталған жаңа идеялар мен тиімді шешімдерді өмірге әкелудің кепілі болатынына сенімділік білдірген.

Сондай-ақ Курск облысының губернаторы С.Михайлов, «Астаналар мен ірі қалалар халықаралық ассамблеясының» президенті міндетін атқарушы, Орынбор қаласының басшысы Ю.Мищеряков, РФ Мемлекеттік Думасы Федеральдық жиналысының депутаты, генерал Б.Громов, ресейлік мемлекет қайраткері П.Бородин және Новосибирск тұрғыны Н.Пензюр өз құттықтаулары мен тілектерін жолдаған.

***

М.В.Ломоносов атындағы ММУ Қазақстандағы филиалының директоры А.Сидорович Мемлекет басшысын оқу орны ұжымының атынан құттықтап, оның халықаралық аренадағы және бүкіл ел азаматтары алдындағы беделі биік екенін атап өткен.

«Сіздің бастамаңыздың арқасында ММУ-дың Қазақстан филиалы дамып, Сіздің сеніміңізді ақтап келеді. Біз Сізді ұятқа қалдырмайтынымызға және дана басшылығыңызбен жаңа кезеңге аяқ басқан елдің дамуына қосар үлесімізді еселей беретінімізге сендіреміз», - деп жазады автор.

Қазақстан-Америка еркін университетінің президенті Е.Мәмбетқазиев қазақстандықтардың Нұрсұлтан Назарбаевқа деген сенімінің ақталғандығын айта келіп, ұжым атынан шын жүректен шыққан құттықтауын жеткізген.

«Полиэтникалық республика халқының игілігі жолындағы жасампаз қызметіңіз әрқашан Сіз үшін бақуаттылықтың, ұзақ өмірдің, тәуелсіз Қазақстанның өркендеуіндегі, халықаралық беделінің нығаюындағы бұдан арғы жетістіктердің сарқылмас қуат көзіне айнала берсін», - делінген құттықтауда.

Алматының «Қайрат» футзал клубының президенті К.Оразбеков өз құттықтауында клубтың Еуропа аренасындағы табысы барша отандастарға тамаша тарту боларына сенім білдірген.

«Біз УЕФА кубогының ақтық ойынында каталондық «Барселонадан» 3:2 есебімен басым түскен жеңісімізді қуанышты көңілмен осы жалпыұлттық мерекеге арнаймыз», - делінген хатта.

Наганода өткен қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Л.Прокашева Президенттің сайлаудағы күмәнсіз әрі айқын жеңісі барша қазақстандықтардың таңдаған саяси бағыттың дұрыстығына деген терең сенімінің жемісі әрі бүкіл халықтық сенімнің көрінісі екенін атап өткен.

«Біз мемлекетімізді Сіз бастап келе жатқан жолда елдің кезекті саяси және экономикалық жеңістерінің қатары толығатынына сенеміз. Біз Сізге сенеміз, Қазақстанға сенеміз, жарқын болашағымызға сенеміз» - делінген құттықтауда.

Өз құттықтауларын Алматы көпір конструкциялары зауытының ұжымы да жолдап, Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен ғана елдің кез келген қиындық пен ауыртпалықты еңсере аларына, жаңа биіктерге жетеріне, сондай-ақ республиканың тұрақтылығы мен өркендеуін қамтамасыз етеріне сенім білдірген.

Алматы қаласынан «Келет» АҚ президенті А.Папп әрбір қазақстандық Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен тәуелсіздік жылдарында елдің жеткен табыстарын лайықты бағалайтынына сенім білдірген.

«Бүгінгі таңда біздің ел татулық пен келісім, өзара құрмет пен толеранттылық негізінде полиэтносты қоғам құрудың бірегей үлгісі болып саналады», - деп жазады автор.

«Казэнергокабель» АҚ бас директоры О.Крук кәсіпорын ұжымы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеңісі туралы хабарды терең қанағаттанушылықпен және шынайы қуаныш сезімімен қабылдағанын атап өткен.

«Сіздің басшылығыңызбен егемен, экономикалық дамыған мемлекеттің құрылысы бізге таяу он жылға қойылған биік міндеттерді жүзеге асыру үшін сенімділік пен күш-қуат береді. Мемлекетімізде жасалған әлеуметтік-экономикалық, құқықтық жағдайлардың, инвестициялық климаттың арқасында біз балаларымыздың болашағы жарқын болатынына, бизнесіміз бен елдің гүлденетініне сенімдіміз», - деп жазады автор.

Алматыдағы «Аксай» НТК» ЖШС ұжымы атынан алғыс білдірген кәсіпорынның бас директоры О.Самаренко Қазақстан Президентінің сайлаудағы даусыз жеңісі барша қазақстандықтар үшін ортақ жеңіс болғанына назар аударады.

«Сайлау ел тұрғындарының теңдессіз белсенділігін танытты. Бұл әрбір қазақстандықтың өзіне деген мемлекет қамқорлығы мен қолдауын сезінетіндігінің айшықты айғағы болып саналады. Сіз таңдаған бағыт елімізді әлемнің ең дамыған және табысты мемлекеттері деңгейіне жеткізеріне сенімдіміз», - делінген жеделхатта.

Павлодар облысы Шарбақты ауданындағы «Победа» ЖШС директоры А.Поляков Нұрсұлтан Назарбаевтың жеңісі тәуелсіз Қазақстанның бұдан кейінгі тарихы үшін тағдыршешті оқиғаға айналғанын атап өткен.

«Сіздің Қазақстанның болашағына қатысты болжамыңыздың дұрыстығын өмір көрсетіп отыр. Еліміз шынында да заманауи әрі өркендеу үстіндегі, халықаралық аренада беделі бар мемлекетке айналды. Сіздің дана басшылығыңызбен республика зор өзгерістерді жүзеге асыра алады. Бүгінде ауыл жұртында өз елінің болашағына берік сенім бар. Біз, ауылшаруашылығы тауарын өндірушілер, «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасының табысты орындалуы үшін бар күш-жігерімізді саламыз, - деп жазады автор.

Өз құттықтауында С.Терещенко Қазақстан халқы сенімді достың және серіктестің үлгісін танытып, Мемлекет басшысының соңынан еріп келе жатқанын, жалпыхалықтық дауыс беру нәтижесі соны дәлелдейтін атап өткен.

Түркі академиясының президенті Д.Қыдырәлі Нұрсұлтан Назарбаев түркі елдері ықпалдастығының басында тұрғанын айта келіп, денсаулық пен бақуаттылық тілеген.

Еңбек ардагері, Қарағанды қаласының құрметті азаматы С.Досмағамбетов президент сайлауы Нұрсұлтан Назарбаевтың қандай жалпыхалықтық сүйіспеншілікке және қолдауға ие екенін бүкіл әлемге көрсеткенін айтады.

Астанадан Рогалевтер отбасы елдегі барлық саяси және экономикалық өзгерістер тек Қазақстан Президентінің есімімен байланыстырылатынына назар аударған.