«Тастақ» базары маңындағы өрт жер үйден шыққан - Алматы ТЖД

  АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы «Тастақ» базарының маңындағы жеке тұрғын үйден өрт шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Тастақ» базары маңындағы өрт жер үйден шыққан - Алматы ТЖД

Жексенбі күні Тастақ базары маңында болған өрт туралы алғашқы ақпарат Инстаграм әлеуметтік желісіндегі kris_p_almaty парақшасында пайда болды. Кейін бұл ақпаратты қалалық Төтенше жағдайлар департаменті де растады.

ТЖД баспасөз қызметінің жетекшісі Сандуғаш Баймұхамбетованың айтуынша, өрт сөндірушілер тілсіз жаумен 1 сағатқа жуық арпалысқан.

«18 ақпан күні таңғы 07:29-да «101» пультіне Гайдар көшесі, 107-үйде өрт шыққаны туралы ақпарат келіп түсті. Өрт сөндірушілер 8 минуттан соң - 07:37-де оқиға орнына жетті. Жеке тұрғын үйдің ауласындағы екі қабатты ғимараттың екінші қабаты мен шатыры жалындап жатты. Тілсіз жау 08:08-де ауыздықталып, 08:31-де толығымен сөндірілді. Жалын 290 шаршы метр аумақты шарпыды. Жапа шеккендер мен қаза болғандар жоқ», - деді ол.

Жалынмен күреске Алматы ТЖД қызметінің 14 техникасы мен 44 өрт сөндірушісі жұмылдырылды.