Тастанды баладан талантты бала шықса ше? - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 16 қазан, жұма күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
None
None

***

Бүгін «Егемен Қазақстан» басылымында шалғайдағы Тайпақ ауылының тұрғыны Қален Иманбаев ақсақалдың хаты жарияланды. Сексеннің сеңгіріне келіп қалған қарттың редакцияға шағымдану себебі - шөбересінің туу туралы куәлігіне өз есімін жаздыра алмай жүр екен.

«Менің бұл хатты жазуыма «Орал өңірі» газетінде (№76, 10 шілде, 2014 жыл) шыққан «Тегімізді түзетуге кедергі жоқ» деген мақала себепші болып отыр», - деп бастаған хатын қария. - Мен бұдан 5-6 жыл бұрын шөберелі болып, отбасымның шешімімен сәбидің тегіне өз есімімді беретін болдым. Сөйтіп, нәрестенің туу туралы куәлігін алар кезде немерем Руслан АХАТ бөлімінен берілгелі жатқан құжатқа қызының есімін «Аялуым», ал тегін «Қален» деп, яғни, менің есімімді, үлкен атасының атын жазуды сұрады. Бірақ, өкінішке орай, ондағылар бұған келіспепті. Өйткені, менің есімім немерем Русланның құжатында жоқ екен. Шөбереме менің атымды беру үшін оның әкесі, яғни, немерем Русланда арғы атасының емес, менің есімім тұруы керек екен».

Оқиғаны ары қарай өрбіткен басылымның дерегіне сүйенсек, нәтижесінде Қален қарттың шөбересі «Аяулым Русланқызы Мәлік» болып жазылған. Қален Иманбаев: «қазіргі қолданыстағы қатып қалған заңның кесірінен немере, шөберелеріне өз есімдерін бере алмай жүрген мен секілді аталар көп», - деп жазған хатында. Жалпы, қазір тегіңді қазақшалап, немере немесе шөбереңе өз атыңды жаздыру үшін АХАТ бөлімдері қандай талап қоятыны және қандай жағдайда тегіңіз өзгеріссіз қалатыны қызықтырса, «Егемен Қазақстан» газетінен бүгін шыққан «Текті түзету бесікті түзетумен бірдей» деген мақаланы оқыңыз.

Еліміздің бас газеті бүгін сондай-ақ сонау Алтай тауының етегінде, таудың қиын жолды бөктерінде жеке кәсіп ашқан Қайырды Сүлейменұлы туралы жазады. «Біздің жақта қыс ұзақ» деп жазушы Оралхан Бөкей жазғандай, асқаралы Алтайдың жұрты жаздыгүні қыз ғұмырындай азғана уақыт атқа мінетіні, алыс-жақыннан келгенді көркем келбетімен тамсандыратыны болмаса, алты айы қар басқан қыс, қала берді жауынды-шашынды, тұманды, сұрғылт кейіпте тұратын табиғаты қатқыл өлке екенін катонқарағайлықтардан өзге жұрт түсіне, түсінсе де, түй­сіне бермейді. Сондықтан қабағы қатулы табиғатпен арпалыса жү­ріп, атамекеніне адалдық танытып, адал кәсібін дөңгелетіп жүргендерді көрсеңіз, сүйсінбеске әддіңіз қалмайтыны да рас. Сондай еңбекқор жандардың бірін қос қапталдағы сеңгір таулардың ортасында ирелеңдеп жатқан ұзақ жолдың бойынан кездестіресіз. Бұл азаматтың есімі - Қайырды Дүйсенбаев», - деп жазады басылым. Бұл туралы « Өрелде өрге басқан кәсіп» деген мақаладан оқи аласыздар.

***

Ал, «Айқын» газетінің хабарлауынша, Жетісу өңірі биылғы жылдың бірінші қант өнімін шығарған. « Елбасының Жетісудың төл дақылы - қант қызылшасының даңқын қайта оралту туралы тапсырмасын басшылыққа алған Алматы облысының әкімі Амандық Баталов ала жаздай өзі де тыным көрген жоқ, ауыл ша­руашылығы саласына жауап беретіндерді де орнында отыр­ғызбады.

Бірнеше мәрте кеңес өткізіп, қайта өңдеушілер мен қант қызылшасын өсірушілерді өзара тоқайластырып, екі ара­дағы түсінбестікті ретке келтірді», - деп жазады газет. Жалпы, бұл өңірде қазанның 14 жұлды­зына дейін 1086 гектардың өнімі жиналып, қант зауытына 24,4 мың тонна тәтті түбір өткізіліпті. Қайта өңдеуге жөнелтілген өнімнің қанттылығы 15 пайызды құрайды. Бұл туралы «Жетісу қанты тұтынушыларға жол тартты» деген мақаладан оқуға болады.

Бүгінгі қазақ қоғамында кеудеге оқша қадалатын бір мәселе - жетімдер үйі мен тастанды балалардың тағдыры. Осы түйіткіл туралы «Айқын» газеті бүгін былай деп жазады: «Қарны тоқ, көйлегі бүтін ұрпақ өсіп келеді. Күліп-ойнағанды біледі, әке болуға әлсіз, ал қыздар жүкті болып қалса, ішіндегі қызылшақадан құтылуды ғана ойлайды. Солардың кесірінен Қазақстан «қара базарға» айналды. Бала сату бәсекесінде әлем бойынша үшінші орынға табан тіреппіз. Тек АҚШ-та алты мың баламыз туған жерінің жұпар иісін жұтуға зар боп жүр. Шамамен бір бүлдіршіннің бағасы 25-30 мың доллар көрінеді». Тастанды балалар туралы жазған газет туған анасы, әкесі шырылдатып тастаған шараналар өскенде, өте таланатты болып өсетінін жазады. Мысалы, әлем сүйісінетін актер Джеки Чанды да кезінде анасы небары 25 долларға сатып жібермек болған. Бұл жөнінде толығырақ «Айқынның» бүгінгі нөмірінде жарық көрген «Тастанды баладан таланатты бала шықса ше?» деген мақаладан оқи аласыздар.

***

Ал, «Экспресс-к» басылымы белгілі продюсер әрі әнші Қыдырәлі Болмановтың батареялар өндіру бизнесі туралы жазады. «Белгілі әнші әрі продюсер Қыдырәлі Болманов «Балбала» брендімен батарея өндірісін қолға алмақ. Сол арқылы, Duracell сияқты бәсекелестеріне қыр көрсетті. Әншінің айтуынша, бұл өнім әдеттегіден бес есе артық қуат береді», - деп жазады басылым. Бұл туралы «Кыдырали Болманов - работает в пять раз дольше» деген мақаладан оқи аласыздар.

Соңғы жаңалықтар