Татарстанда әлемдік мәдени мұра құндылықтары талқылануда
АСТАНА. ҚазАқпарат - Татарстан Республикасының астанасы Қазанда Ресей Федерациясының ЮНЕСКО істері бойынша комиссиясының бастамасымен «Тұрақты даму императиві ретінде адамзатты қорғау» тақырыбында халықаралық форум өтіп жатыр.
Бүгін өткен алғашқы арнайы сарапшылар отырысына Татарстан Республикасының Президенті Рустам Минниханов, Татарстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Минтимер Шаймиев, ЮНЕСКО-ның мәдени мұраны қорғау бөлімінің жетекшісі Ян Хладик пен Жібек жолы халықаралық сауда палатасының Бас хатшысы Ли Чонганг пен гуманитарлық қауіпсіздік саласындағы танымал сарапшылар қатысып, баяндамалар оқыды, деп хабарлады TWESCО сайты.
ЮНЕСКО-ның бас директоры И.Бокованың қолдауымен ұйымдастырылған форумда мәдени мұра нысандарының дүниежүзілік ортақ құндылықтары мен гуманитарлық қауіпсіздік түсінігін анықтау және оны қамтамасыз ету мәселелері талқылануда. Әзербайжан, Қазақстан, Молдова, Перу және Ресейдің көрнекті ғалымдары мен сарапшылары қатысып жатқан ғылыми жиын 16 қыркүйекте арнайы құжатпен қорытындыланады.
Аталған жиынға арнайы шақыртылған Түркі академиясы халықаралық ұйымының (TWESCO) басшысы Дархан Қыдырәлінің құттықтау хатын ұйым қызметкері Олжас Шариязданов оқып берді.
Айта кету керек, түркітілдес және жалпы Еуразия елдері ғылыми қауымдастықтарын біріктіруді көздейтін Халықаралық Түркі академиясы ЮНЕСКО және ИСЕСКО ұйымдарымен орнаған ынтымақтастыққа, ортақ жобаларды жүзеге асыруға және өзара тиімді пікір алмасуға үлкен мән береді. Еуразия этностарының мәдени-тарихи мұрасын сақтау және дәріптеу TWESCO қызметінің негізгі бағыттарының бірі.