Татарстаннның Бұлғар қалашығында Ресей аумағында исламның таралуына 1122 жыл толуына арналған мереке өтті

АСТАНА. 22 мамыр. ҚазАқпарат - Кеше Татарстан мұсылмандары Ресей аумағында ислам діні алғашқы қабылданғанына 1122 жыл (хижра бойынша) толуын атап өтті, деп хабарлады ИТАР-ТАСС.

Татарстаннның Бұлғар қалашығында Ресей аумағында исламның таралуына 1122 жыл толуына арналған мереке өтті

Еділдің сол жағалауында, Қазаннан 120 шақырым жерде Еділ бұлғарларының бұрынғы астанасы - ежелгі Бұлғар қаласына бір мыңға жуық адам жиналды. Салтанатқа Татарстан президенті Рустам Минниханов, Татарстанның экс-президенті және мемлекеттік кеңесшісі Мінтемір Шаймиев, Ресей мүфтилер кеңесінің төрағасы шейх Равиль Гайнутдинов, РФ орталық мұсылмандар діни басқармасының төрағасы Талғат Тәжуддин және басқа да жоғары мәртебелі мұсылман қауымының өкілдері қатысты.

Қорық аймағының ортасына еділ бұлғарларының исламды ресми қабылдауы құрметіне Ескерткіш белгі орнатылды. Үш қабатты сегіз қырлы, күмбезді мешіт тәрізді ғимарат ежелгі бұлғар сәулет өнерінің нақышымен салынған.

"Бұл жерде 922 жыл ислам діні ерікті қабылданды. Біз бұл күнді қастерлеп есте сақтауға тиіспіз", деді салтанатты митингінің ашылуында Татарстан президенті Р.Минниханов. Еділ бұлғарларының исламды қабылдауы оның айтуынша, аймақтың әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қуатты серпін берген.

Ескерткіш белгінің басты залына арнайы тұғырға ислам мәдениетінің басты құндылығы: әлемдегі тасқа басылған ең үлкен Құран қойылған, оның ұзындығы 2 метр, ені - 1,5 метр, қалыңдығы - 20 сантиметр, салмағы - 800 келіні құрайды. Алтынмен апталып, бағалы тастармен безендірілген кітап шығыс нақышымен әдіптелген.  

Қасиетті кітапты атақты итальяндық  шеберлер діндар қауымның қайырымдылық қаражаттары мен демеушілердің қаржысына жарты жылда даярлап шыққан. Арнайы қағаз Шотландияда жасалып, итальяндық Триеста баспаханасында басылған. Мереке қарсаңында Қазандағы Құл Шәріп мешітінде Құран-қатым түсіріліп, бұл кітап бастан-аяқ оқылып, арнайы эскортпен осында жеткізілді.

Ескерткіш залда мұражай-көрме кешені жасалды.