Тәтті тосынсый: Өскемендік фуд-флорист ерекше букеттер жасайды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында тұратын Әлия Әубәкірова 8 наурызда анасына немесе сүйіктісіне не сыйлауды білмей деп дал болып жүрген жігіттерге көмектесе алады. Фуд-флорист маман кептірілген жеміс-жидек пен түрлі тәттілерді араластырып, әдемі букет жасаумен айналысады. Kazinform тілшісі мереке қарсаңында оны әңгімеге тартып көрген еді.

флорист
Фото: кейіпкердің жеке архивінен

— Тәтті букеттерді қашаннан жасай бастадыңыз?

— Осы кәсіппен айналысып жүргеніме 2 жылға жуық уақыт болды. Декреттік демалысқа шыққан кезім. Бос уақытым бар дегендей. Үйде отырып табыс табудың жолын іздей бастадым. Өзім негізінен қолдан жасалған тәтті букеттерге бұрыннан қызығатынмын. «Неге маған да жасап көрмеске?» деген ой келді. Қазір ғаламторда барлығы бар ғой. Ешқандай курс сатып алмай-ақ, керек ақпараттарды тауып, содан үйреніп алдым. Дизайн тұрғысынан өз идеямды, жаңашылдығымды қосуға да тырыстым. Басында 2 букет жасап, таныстарыма ұсындым. Олардың көңілдерінен шықты. Сөйтіп, іске кірісіп кетіп, тапсырыс қабылдай бастадым.

— Тәтті букеттердің қандай түрлерін жасайсыз?

— 2 түрін жасаймын. Оның бірі шоколадтардан, екіншісі кептірілген жеміс-жидектен тұрады. Осындағы екінші түріне сұраныс молырақ. Себебі кептірілген жеміс-жидек өте пайдалы, әрі әдемі шығады.

букет
Фото: кейіпкердің жеке архивінен

— Бір букетті жасауға қанша уақыт кетеді?

— Шоколадты букетті 20 минут ішінде жасап шығамын. Ал кептірілген жеміс-жидек букетіне көбірек уақыт кетеді. Мөлшері 30-40 минутта жасаймын. Бірақ басында ұзақ істейтінмін. Осы жерде сәл түсіндіре кетейін. Әуелі букеттің каркасы жасалады. Оның сыртын әрлеп жасаудың әр түрлі тәсілдері бар. Әрқайсысын істеп көрдім. Соның үстіне шоколадты немесе жеміс-жидекті оюлап қою оңай шаруа емес. Уақыт өте келе қолым үйреніп, тәжірибе жинап қалдым. Өзіме ыңғайлы тәсілдерді де таптым.

— Осындай букеттерді көбінесе жас жігіттер сүйікті аруларына сыйлап жататын шығар?

— Жоқ. Тапсырыс берушілердің дені — әйелдер қауымы. Мәселен, кептірілген жеміс-жидек букетін аналарға, ұстаздарға, жаттықтырушыларға деп сатып алады. Ал шоколадты букетке негізінен ер адамдар тапсырыс береді. Сөйтіп өзінің әйелін, сүйіктісін қуантады. Осындай букетті ата-анасы қызына да сыйлап жатады. Себебі мұндай тәтті сыйлық балаларды ерекше қуантады. Оны клиенттердің лебізінен білдім.

— Ал өзіңіз өзгеге сыйлық жасағанды жақсы көресіз бе?

— Сыйлықты алғаннан гөрі сыйлағанды жақсы көремін. Әр адамға жекешелеп, арнайылап сыйлық аламын. Жақындарымның нені қалайтынын үнемі бақылап жүремін. Сосын туған күнінде немесе мерекеде қуантуға тырысамын. Ол сыйлықты жай бере салмай, тосыннан немесе ерекше қылып бергім келеді.
Одан кейін сыйлықты бергеннен кейін міндетті түрде адамның эмоциясына мән беремін. Көңілден шықты ма, қаншалықты ұнады дегендей. Ашық эмоция білдіріп, риза болып жатса қатты қуанамын.

букет
Фото: кейіпкердің жеке архивінен

— Сыйлық алған адам баласының бәріне ұнайтын шығар. Өзіңіз қандай сыйлықтарды жақсы көресіз?

— Мен үшін сыйлықтың бағасы емес, шын жүректен жасалып жатқандығы маңызды. Назарсыз қалдырмай, көңілін білдіріп жататындарға алғысым шексіз! Оларға қуанышымды ашық көрсетемін.

— 8 наурызға орай әйелдер қауымына қандай тілек айтасыз?

— Нәзік жандарды мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! Әрқашан жайнап, құлпырып, өмірді өзіміздің сұлулығымызбен сәндеп жүре берейік. Бір-бірімізді қуантып, сыйлық сыйлап, әр күнімізді мәнді өткізуге тырысайық. Бақытты болыңыздар!

— Әңгімеңізге рахмет!

букет
Фото: кейіпкердің жеке архивінен

 

Соңғы жаңалықтар