Тауар мен қызмет түрлерін сатып алуда өз міндеттемелерін орындамаған табиғатты пайдаланушыларға қатаң шаралар қолданылады
АЛМАТЫ. Қазанның 8-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алғашқы жартыжылдықта табиғатты пайдаланушы компаниялардың тек он пайызға жуығы тауар мен қызмет түрлерін сатып алуға байланысты ақпаратты адал ниетпен берді.
Оны «Қазақстандық келісімшарт агенттігі» АҚ-ның Басқарма төрағасы Жан Нұрбеков бүгін Алматыда өтіп жатқан 17-ші қазақстандық халықаралық «Мұнай және газ» конференциясында мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Өндіруші сектордағы дамудың жоғары қарқынына қарамастан тауар мен қызмет түрлерін сатып алуда қазақстандық үлестің көлемі былтыр 9,3 пайызды құраған болатын. Бұл ақшаға шаққанда 8 миллион 800 мың доллар. Жан Нұрбековтің сөзіне қарағанда, биыл алғашқы жарты жылдықтық қорытындысында жергілікті үлес тауар мен қызмет түрлерінде 12,7 пайыз болды.
«Тауар мен қызмет түрін сатып алу қорытындысына жүргізілген мониторинг кезінде табиғат пайдаланушы 399 компанияның 35-і немесе 10 пайыздан азы ғана өз есебін адал ниетпен берді. Басқалары оны кешіктірді немесе жарым-жартылай ғана берді. Тауар мен қызмет түрін сатып алуда қазақстандық үлес 47 компанияда 1-10 пайыз арасында болса, жетеуінде бір пайызға жетпесе, 29-ында ол 0-ді құрады», дейді «Қазақстандық келісімшарт агенттігі» АҚ-ның Басқарма төрағасы Ж.Нұрбеков. Оның айтуынша, Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі өз міндеттемелерін орындауды кекшіктіріп келе жатқан 83 табиғат пайдаланушыға ескертулер жіберді. Жыл қорытындысы шыққан кезде министрлік оларға қатаң шаралар қолданып, кей жағдайда бұған дейін жасалған келісімшарттарды бұзуға дейін бармақ.