Тауар мен қызметтерді «бір қолдан» сатып алу мәселесі ушығып тұр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Қаржы вице-министрі Руслан Бекетаев депутаттарға мемлекеттік сатып алулар кезінде тауар мен қызметтерді бір арнадан, яғни "бір қолдан" сатып алу мәселесін көрсетіп берді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алулар туралы заңнамаға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды таныстыру кезінде Р.Бекетаев gosreestr.kz сайтын ашып, көзге түскен бірінші лотты таңдады. "Енді, қараңыз, мына жерде барлық негізгі мемлекеттік сатып алуларды көруге болады. Барлығы бір арнадан сатып алынды. Кез келген лотты ашып көрейік. Міне, 16 млрд теңгенің бір лоты бар. 13 компания қатысты. Бірақ бірде-біреуі тапсырыс берушінің талаптарына сай келмеді. Артынан бәрін бір арнадан сатып алыпты. Әсіресе, құрылыс жұмыстары саласында бір миллиардтан асатын сатып алулар "іске аспай қалған" болып шығады. Бәсекенің көрінісі болсын деп 6-7 компанияға қатысуға мүмкіндік береді де, артынан бір ғана компаниямен келісім жасайды. Бағаны да шарықтатып қояды", - деді Р.Бекетаев.
Вице-министрдің айтуынша, бүгінде тауар мен қызметтерді "бір қолдан" сатып алу мәселесі осы саланың басты проблемасы болып тұр. Қазіргі мәліметке сәйкес, өткен жылы болған сатып алулардың басым бөлігі - 60 пайызы "орындалмағандардың" қатарына қосылды. Ондайда лотты іске аспай қалған етіп шығарады да, артынан бір компаниямен келісім жасай салады. "2018 жылдың басынан бері ұйымдастырылған сатып алулар да осы мәселені ашық көрсетіп отыр. Қазірдің өзінде лоттардың 80 пайызын орындалмаған болып жарияланады", - деп атап көрсетті Р.Бекетаев.