Тауардың экспортына құжаттар барынша қысқарады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тауардың экспорты мен импортына қатысты құжатнамалар барынша қысқарады. Бұл туралы бүгін Дүниежүзілік кеден ұйымының еуропалық өңірінің кедендік қызметтері басшыларының конференциясында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев мәлім етті.
«Бүгінде біздің шекараларымыз адал халықаралық сауда үшін ашық. Дегенмен де олар қазіргі заманғы әлемнің сыртқы сын-қатеріне, яғни лаңкестікке, есірткі саудасына, контрабанда, көлеңкелі бизнеске тосқауыл болуға міндетті. Сондықтан да қазіргі заманғы кеден - шын мәнінде заңды бизнес үшін сервистік қызмет. Осы ретте кедендік сала заңды бизнеске кедергі болмауы тиіс. Бизнес үшін кеден органдары қолайлы жағдайлар жасауы тиіс. Бұл тұрғыда Қазақстан тиісті жұмыстарды атқарып жатыр»,-деді Б. Сағынтаев.
Оның сөзіне қарағанда, Дүниежүзілік банктің «Doing Business» рейтингінде Қазақстан елеулі жетістіктерге жетті. Алай да, «Халықаралық сауда» индикаторы бойынша атқаратын шаралар бар.
«Осы бағытта кемшіліктерді жою бойынша белсенді жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Бұл электронды кедендік декларациялауды енгізуге, тауарлар қозғалысын тура қадағалау жүйесіне, бірыңғай терезе тетігіне, өткізу бекеттерін модернизациялауға қатысты. Біз импортқа да, экспортқа да құжаттарды барынша қысқартудамыз»,-деді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары.