Тауардың шығу тегі туралы сертификат қазақстандық компанияларға жылына 300 млн. теңгеге дейін үнемдеуге мүмкіндік береді - ҚР сауда-өндірістік палатасының вице-президенті

АЛМАТЫ. Мамырдың 18-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ -Алматыдағы Қазақстанның сауда-өндірістік палатасында сарапшы-аудиторлар мен өнімнің шығу тегі туралы сертификат мәселелері жөніндегі мамандар, тауар сарапшыларына арналған семинар өтіп жатыр,

Тауардың  шығу тегі туралы сертификат қазақстандық компанияларға жылына 300 млн. теңгеге дейін үнемдеуге мүмкіндік береді - ҚР сауда-өндірістік палатасының вице-президенті

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Естеріңізге сала кетейік, 2009 жылғы қазанның 23-нен бастап, тауардың шығу тегі туралы сертификатты беру аймақтық сауда-өндірістік палаталарының құзырына берілген болатын. ҚР Сауда өндірістік-палатасының вице-президенті Ғалым Аманжоловтың айтуынша, ҚР Сауда-өндірістік палатасы айына 5 мың сертификат береді. Оның 74 пайызы - ТМД, 13 пайызы - Евроодақ елдерінің тауарлары. Ғалым Аманжоловтың пайымдауынша, тауардың шығу тегі туралы сертификат компанияларға қаржы үнемдеуге мүмкіндік береді. Мәселен «Арселор Миттал Теміртау» АҚ жылына он мыңдаған доллар үнемдейді. Ал жалпы алғанда қазақстандық компаниялар сертификаттың көмегімен жылына 300 миллон теңгеден астам қаржы үнемдейді. Сондықтан шет елге тауар шығарушы компаниялар арнайы сертификат алуы тиіс. Бұл ретте Евроодақ елдеріне тауар шығару үшін «А» формалы, ТМД бойынша «СТ-1» сертификат беріледі. Сертификат Қазақстан компаниялары үшін тегін беріледі. Бүгінгі таңда аймақтарда сертификат беру мәселесімен 80 маман жұмыс істейді. «Олардың білімін жетілдіріп отыру ҚР СӨП-тің басты міндеті. Осы бағытта семинарлар жиі өткізіліп тұрады. Бүгінгі семинар да осы бағыттың жалғасы», дейді Ғалым Аманжолов.

Бүгінгі семинарға Ресейдің сауда-өндірістік палатасының Құқықтық-келісімшарт департаменті директорының орынбасары Сергей Радионов қатысып, Ресейдегі сертификат берілу жолдарымен бөлісті. Оның айтуынша, Қазақстанмен салыстырғанда Ресейде сертификат 1000-1500 рубль аралығында ақылы түрде беріледі.