Тауарлар мен қызмет көрсетулерді сатып алу кезінде қазақстандық құрамдауыштың үлесін ұлғайту қажет - Ә. Құсайынов

АСТАНА. Наурыздың 20-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Көлік және коммуникация саласына тауарлар мен қызмет көрсетулерді сатып алу кезінде қазақстандық құрамдауыштың үлесін ұлғайту басым міндеттердің бірі болып табылады.

Тауарлар мен қызмет көрсетулерді сатып алу кезінде  қазақстандық құрамдауыштың үлесін ұлғайту қажет - Ә. Құсайынов
Бүгін Көлік және коммуникация министрлігінің Елбасы Жолдауын жүзеге асыруға арналған алқа мәжілісінде министр Әбілғазы Құсайынов осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Тауарлар мен қызмет көрсетулерді сатып алу кезінде қазақстандық құрамдауыштың үлесін ұлғайту қажет. Министрлік экономикаға қажетті жаңа өндірістерді құруда тиісті шараларды қабылдап іске асыруда. Бұл ең алдымен жол битумдарын өндіретін зауыттар, локомотивтерді, жүктерді және жолаушыларды тасымалдайтын вагондар мен қосалқы бөлшектерді құрастыратын кәсіпорындар, сонымен қатар автокөлік секторын қамтамасыз ететін шағын кәсіпорындар құрылысына қатысты», - деді өз сөзінде Ә. Құсайынов. Осы орайда министр автожолшылар мен теміржолшылар сұранысты нақты жоспарлауды және отандық өндірістердегі тапсырыстарды орналастыруды қамтамасыз етулері тиістігін атап көрсетті. Өз кезегінде отандық өндірушілер де өнімдерінің сапаның жоғары деңгейіне қол жеткізуі және қажетті өнімдер көлемін өндіруді қамтамасыз етулері қажет. Министрліктің баспасөз қызметінің мәліметінше, 2009 жылдың қорытындысы бойынша еліміздің көлік-коммуникация кешені бойынша қазақстандық мөлшер кемінде 76 пайызды құрауы тиіс. 2011 жылға қарай тауарлар мен қызметтерді сатып алу кезінде қазақстандық құрамдауыштың пайыздық мөлшері автожол саласында - 99 пайызға, темір жол саласында 77 пайызға жетуі керек.