Тауарлық газ өндірісін 30 млрд текше метрге жеткізуді жоспарлаудамыз – министр
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде 2030 жылға қарай тауарлық газ өндірісін 30 млрд текше метрге дейін жеткізу жоспары тұр. Толығырақ Энергетика министрі Болат Ақшолақов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Газды тұтыну жыл санап өсуде. Біздің міндет - 2030 жылға қарай тауарлық газ өндірісін 30 млрд текше метрге дейін жеткізу. Егер газды электр энергиясын өндіруге барынша пайдаланса, онда халықты газбен қамтуда жетіспеушілік туындауы мүмкін. Сондықтан, бірінші кезекте халық қажеттілігін өтеуді қарастырамыз», - деді Болат Ақшолақов Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.
Министрдің айтуынша, елімізде газбен жұмыс істейтін бірнеше энергетикалық кәсіпорын бар.
Бұған дейін министр Болат Ақшолақов газ қостырудың қымбаттығын мойындаған еді.
«Шынымен де, бірқатар өңірде газға қосылу құнының жоғары екендігі байқалады. Қазіргі уақытта Қазақгаз бен ергілікті әкімдіктер бірлесіп, бұл мәселені қарастырып жатыр, қосылу құнын төмендетуге қатысты бірнеше ұсыныс бар. Бүгін Алматы облысының әкімі жүргізілген іс-шаралардың арқасында қосылу құнын екі есеге төмендетуге мүмкіндік болғанын айтты. Өйткені, шындығында да құны өте жоғары. Қазір оны қалай төмендету керектігіне қатысты нұсқаларды қарастырып жатырмыз», - деп жауап берді Болат Ақшолақов.
Фото ашық дереккөзден