Тауда демалып жатқан дәрігерлер жарақаттанған адамдарды құтқарды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда тауға демалысқа шыққан екі адам жарақат алды. Абырой болғанда оларға жақын арада демалып жатқан дәрігерлер көмекке келген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқыс оқиға туралы Фейсбукте Алматы тұрғыны Гульзия Буршукова жазған болатын.
Оның айтуынша, демалуға келген әйелдердің бірі доп соғам деп жүріп, қолын жаралап алған.
Сонымен қатар, тағы бір қала тұрғыны велосипедімен арыққа құлап кеткен. Соның салдарынан ер адамның аяғынан қан тоқтамады. Сол сәтте, жақын арада демалып жатқан дәрігерлер өз шаруаларын тастай салып, екі адамға лезде кәсіби түрде медициналық көмек көрсеткен.
«Біз олардан көмек сұраған кезде олар тек «қайда?» деп сұрады. Бірі чемоданын алып, екіншісі оның артынан еріп отырды. Қай кезде де кәсіби даярлықты көрсету деген осы емес пе? Олардың мерекелері көңілді өтті. Себебі олар адам өмірін құтқарып қалды. Дәрігер үшін ең бастысы осы емес пе?!», - деді ол.
Алматы тұрғыны жазбасының соңында ақ халатты абзал жандарға алғысын білдірді.
Осыған орай қалалық Жедел жәрдем стансасының баспасөз қызметі болған оқиға туралы түсініктеме берді.
«Сол күні Алматы қалалық Жедел жәрдем стансасы №5 бөлімшесінің дәрігерлері мен фельдшерлері Медицина қызметкерлері күні қарсаңында тауға демалысқа шыққан. Олар үнемі алғашқы көмек көрсету құралдарын, медикаменттерді өздерімен бірге алып жүреді. Соның арқасында екі адамға қажетті көмек көрсете алды», - деді Жедел жәрдем стансасының баспасөз хатшысы Гаухар Нөкербекова.