Тәуелсіз мемлекетті биік деңгейге жеткізетін мүмкіндік жастар қолына беріліп отыр

АЛМАТЫ. Желтоқсанның 15-і. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы - өзіміздің тамырымызды қайта тануға мүмкіндік беріп отырған бірден бір бағдарлама.

Тәуелсіз мемлекетті биік деңгейге жеткізетін мүмкіндік жастар қолына беріліп отыр

Бұл жайында «Ынсап» жастар қоғамдық қорының төрағасы Саят Ыбыраев жастар бірлестіктерінің жиынында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

         Оның пайымдауынша, «Мәдени мұра» бағдарламасы негізінде көптеген игі іс-шаралар жүзеге асып, жастар өзінің өткенін саралап, тарихын білуге мүмкіндік алды. «Бүгінгі күннің тәуелсіздігі 500 жылда бірінші рет беріліп отырған мүмкіндік, талай жыл бойы қазақ халқы осы тәуелсіздік жолын аңсап, күресіп келген болатын. Міне енді бүгінгі тәуелсіз мемлекетті қайтадан үлкен деңгейге жеткізетін мүмкіндік жастардың қолына беріліп отыр. Ендігі кезекте бұл жастардың ұлттық негізі болуы керек, ұлттық дүниетанымы, көзқарасы болу керек. Осы бағыттағы мемлекеттің бізге жасап отырған мүмкіндігі «Мәдени мұра» бағдарламасы деп білем», дейді С. Ыбыраев.  Сонымен қатар ол халық жауы деп талай атылып кеткен аталарымыздың мұраларын қайтадан қалпына келтіріп жатқандығын жеткізді. «Бабалар сөзі», Қызылорданың «Жыраулар мектебін» алатын болсақ, оның өзінен бірнеше томдық кітаптар шығып жатыр», дейді ол. Сондай-ақ «Ынсап» қоғамдық қоры Шәкәрім маұраларын қайтадан жаңғыртуға күш салып жатқандарын айтты. «Адамдық борышың» атты үлкен жобаны бастап Алматы, Астана және Талдықорған қалаларында оқушылар арасында Шәкәрім шығармаларын жатқа айтушылар байқауын өткіздік», дейді «Ынсап» жастар қоғамдық қорының төрағасы.