Тәуелсіз сот-сараптама қызметін жетілдіруге бағытталған заң жобасы мақұлданды
АСТАНА. 8 мамыр. ҚазАқпарат -Бүгін Парламент Мәжілісінде палата депутаттары «Қазақстан Республикасының сот-сараптама қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.
Құжатты әзірлеудің мақсаты тәуелсіз және объективті сот-сараптама қызметін жүзеге асыру жөніндегі заңнаманы жетілдіру болып табылады. Сонымен қатар, заң жобасы қолданыстағы заңнаманың ішкі қайшылықтарын жоюға, оны басқа да нормативтік-құқықтық актілермен сәйкес келтіруге, сот-сараптама қызметін құқықтық реттеудегі олқылықтардың орнын толтыруға бағытталады.
Бұдан бөлек, құжаттың тұжырымдамалық жаңалығы сот-сараптама саласында бәсекелестік ортаны кеңейтудегі оң үдерістерді жеке сот сараптама институтын дамыту арқылы тереңдету болып табылады. Атап айтқанда, білікті қызметкерлердің жеке сот сарапшысы мамандығына қол жеткізуіне кедергі болатын әкімшілік тоқсауылдар жойылады. Сонымен бірге, жеке тұлғаның лицензия алуының міндетті шарты ретінде сот сараптамасы органдарында 5 жыл лауазымда жұмыс өтілінің болу қажеттілігі туралы талаптар алынып тасталады.
«Екінші оқылымға әзірлеу барысында бірқатар ұсыныстар жасалды. Атап айтқанда, сот-сараптама қызметінің негізгі ұғымдарын, сот сараптамасын тағайындау және жүргізу, сот-сараптама қызметін жүзеге асыруға арналған лицензияның қолданылуын тоқтата тұруды реттеу бойынша ұсыныстар қамтылды», - дейді депутат Мұхтар Тінікеев.
Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жолданады.