Тәуелсіздігімізді қадірлеп, оны жас ұрпақтың жүрегіне ұялату - Отанымыздың жарқын болашағының кепілі - Елбасы
АСТАНА. Қазанның 26-сы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Біз дүниежүзі бір-бірімен етене араласып, біте қайнасқан кезеңде өмір сүріп отырмыз. Әлемді шарпыған дағдарыс әлі аяқталған жоқ.
Жаһандық сипатқа ие болған қиындықтар қайта айналып соғуы мүмкін. Сондықтан ең қастерлі қазынамызды - Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтап, мемлекеттігімізді нығайта беру үшін бізге ең әуелі бірлік керек». Бұл туралы бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының 15-ші сессиясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Осы байлығымызды қадірлей біліп, оны жас ұрпақтың жүрегіне ұялату - Отанымыздың жарқын болашағының кепілі болмақ. Бүкіл Қазақстан халқы мен оның әрбір этносының тағдыры үшін ең алдымен Ассамблея мүшелері жауапты. Өйткені, олар бірлігі жарасқан Қазақстанның абыройы мен беделінің, ғасырлар бойы қалыптасқан жарасымды салт-дәстүрлерін жалғастырушылар», деді Президент.