Тәуелсіздігіміздің арқасында абыройымыз асқақтаған елге айналып, болашаққа биік мақсаттар қоюдамыз - әкім М.Пірінбеков
АЛМАТЫ. 2 ақпан. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Бүгін Алматы қаласы Алмалы ауданы әкімдігінде Елбасының биылғы Жолдауын талқылауға арналған жиын өтті.
Жиынға аталған аудан тұрғындары, сот төрағалары, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары, мәслихат депутаттары, кәсіпорындар мен шағын кәсіпкерлік, білім, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, мәдениет қайраткерлері, аудандағы қоғамдық ұйымдар өкілдері, пәтер иелері тұтыну кооперативтерінің төрағалары, ғылым саласының өкілдері мен ауданымыздың ардагерлері қатысып, Жолдауда айтылған маңызды жайттар талқыланып, баяндалды.
Аталған ауданның әкімі Марат Пірінбеков Елбасының биылғы «Болашақты бірге жасаймыз!» атты халыққа Жолдауында мемлекет өмірінің барлық салалары қамтылып, алдағы атқарар жұмыстың нақты міндеттері анықталғандығын айтты. «Елбасы биылғы жыл біз үшін қастерлі болды деп өткен жылды қорытындылап, жыл бойы атқарылған асқарлы істерді санамалап көрсетті. Біздің аудан осы жолда жоғары салықтық көрсеткіштерін, өндірістік өнім көлемін, халықты жұмыспен қамту бағдарламаларын нәтижелі іске асырды», -дейді аудан әкімі.
Сонымен қатар ол биыл ынтымағы жарасқан еліміздің Тәуелсіздігінің 20 жылдығы екендігін айтып өтті. «Тәуелсіздік жылдары ел Президенті Н.Назарбаевтың басшылығы мен бір жұдырыққа жұмылған халқымыздың атқарған істерінің нәтижесі, ертеңге сенімді де, батыл қадамдар жасауға дем береді. Абыройымыз асқақтаған елге айналып, болашаққа биік мақсаттар қоюдамыз. Осы жолдағы баршамыз үшін ортақ міндет Елбасы Жолдауында белгіленген мақсаттардың тиімді орындалуын қамтамасыз ету және ауданның әрбір тұрғынына жеткізу», -деп атап өтті өз сөзінде М. Пірінбеков.