Тәуелсіздік алғаннан бері 190 мыңнан астам адам Қазақстан азаматтығын алды

АСТАНА. Қыркүйектің 30-ы. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін Астанада Қазақстан Республикасында азаматсыздықты болдырмау және қысқарту жөніндегі ұлттық семинар өз жұмысын бастады,

Тәуелсіздік алғаннан бері 190 мыңнан астам адам Қазақстан азаматтығын алды

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жиын барысында БҰҰ босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының өңірлік консультанты Кеймир Оразов 1991 жылдан бастап Қазақстан азаматтығын алған адамдардың саны 190 мыңнан асқандығын атап өтті. Оның айтуынша, осы уақыт аралығында Қазақстан азаматтығын жылына 9-10 мың адам алып келген екен. Олардың басым көпшілігін тарихи отанына оралған шет елдердегі қандастарымыз құраған.

«БҰҰ мәліметтері бойынша елімізге келген азаматтардың 80 пайызынан астамы азаматтығын алып үлгерсе, қалғандары шешімнің қабылдануын күтуде немесе олардың ісі өндіріске жіберілген», дейді К.Оразов

 Жиынға ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның, ҚР Ішкі істер министрлігінің, Әділет министрлігінің, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, БҰҰ агенттіктерінің және азаматтық қоғам ұйымдарының өкілдері қатысуда.

 

Жалпы, бұндай семинарлар Тәжікстан мен Қырғызстан мемлекеттерінде өткен болатын. Ал келесі жиынды ағымдағы жылы қараша айында Түрікменстан астанасы Ашхабатта өткізу жоспарланып отыр.