Тәуелсіздік алғаннан бері 850 мыңнан астам адам Қазақстанның азаматтығын алды - Мемлекеттік хатшы

АСТАНА. 24 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін Ақордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммедтің төрағалығымен ҚР президенті жанындағы Азаматтық мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы болып өтті.

Тәуелсіздік алғаннан бері 850 мыңнан астам адам Қазақстанның азаматтығын алды - Мемлекеттік хатшы

Комиссия отырысы барысында елімізге ТМД аумағы мен алыс шетелдерден келген және Қазақстан азаматтығын алғысы келетін тұлғалардың мәселесі қаралды.

«Тәуелсіздік алған 20 жылдың аясында Елбасы Н. Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында әлемнің әртүрлі елдерінен келген 850 мыңнан астам адам Қазақстан Республикасының азаматтығын алды. Олардың басым көпшілігі ашаршылық және сталиндік қуғн-сүргін жылдары тарихи Отанынан амалсыз көшуге мәжбүр болған біздің қандастарымыздың ұрпақтары», - деп атап өтті Мемлекеттік хатшы жиынды аша келе.

Бұдан бөлек, М. Құл-Мұхаммед Германияға, Грекияға, Ресейге, Украинаға, Беларуське және тағы да басқа елдерге 1990 жылдары көшкен жұрттың соңғы жылдары Қазақстанның азаматтығын қайта алғысы келген үрдісі бар екенін де атап өтті. Тоқтала кететін жайт, бүгін әлемнің көптеген елдерін дағдарыс жайлаған. Еңбекақы, әлеуметтік жәрдемақы, зейнетақы мөлшері қысқартылу үстінде. Ал Қазақстан ауқымды индустриялық жобаларды іске асырып, жаңа мектептер, ауруханалар, балабақшалар, қолжетімді баспаналар салып, қарқынды даму жолына түсіп отыр.

«Еліміздің әлем таныған аса зор табыстары Қазақстан азаматтығы институтының да беделін арттыра түсуде. Мұның өзі Елбасының ұлтаралық, дінаралық және қоғамдық келісімге негізделген сарабдал саясатының арқасы. Бұл Нұрсұлтан Әбішұлы басшылығымен елімізді әлеуметтік-экономикалық жағынан жаңғыртудағы Қазақстан қол жеткізген толағай табыстарының әлемдік деңгейде танылғандығының айқын айғағы. Ендеше, біз Қазақстан азаматтығын алуға берілген әрбір өтінішке мұқият қарауымыз керек», - деді Мемлекеттік хатшы.

Жиын барысында Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Т.Донақов пен ҰҚК  және Сыртқы істер министрлігі басшыларының есептері тыңдалды. Жиын қорытындысы бойынша тиісті шешімдер қабылданып, нақты ұсынымдар жасалды.