Тәуелсіздік - елді біріктіретін, біздің Ұлттық Рухымызды асқақтататын Ұлы мереке - Қазақстан халқы Ассамблеясының құттықтауы

АСТАНА. 16 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі ел халқын Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі күнімен құттықтады.

Тәуелсіздік - елді біріктіретін, біздің Ұлттық Рухымызды асқақтататын Ұлы мереке - Қазақстан халқы Ассамблеясының құттықтауы

 «Құрметті отандастар!

 Қазақстан халқы Ассамблеясы Сіздерді еліміздің басты ұлттық мерекесі - Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі күнімен құттықтайды!

Бұл күн жаңа Қазақстанның туылғанын, біздің еліміздің егемендігі мен өз тағдырын дербес шешу құқығының пайда болғанын паш етеді.

Осы күні біз ұлы ата-бабаларымыз армандаған - қасиетті қазақ жерінде біртұтас мемлекет құру мұратының ақиқатқа айналғанына куә болдық!

Біз бүгінде туған жер мен қазақ елінің азаттығы жолында ғасырлар бойы жанқиярлықпен күрескен азаматтарымызға бас иіп, ерекше құрметпен еске аламыз. Бұл күні барша халық Отанымыздың бостандығы үшін күрескен - ұлттық батырларымызға, көрнекті мемлекет қайраткерлеріне, қазақ даласының ұлы ұлдары мен қыздарына тағзым етеді.

Бұл елді біріктіретін, біздің Ұлттық Рухымызды асқақтататын және Ұлы даладағы мемлекеттіліктің, дәстүр мен мәдениеттің лайықты мұрагері - Тәуелсіз Отанымыздың өз дәстүрлерін қалыптастыратын Ұлы мереке.

Бүгінде Қазақстанды, ядролық қарудан бас тартқан және этносаралық, конфессияаралық толеранттылықтың бірегей үлгісін қалыптастырған, бейбітшіл ел ретінде барша әлем мойындады.

Біздің Мемлекеттік Туымыз бен Мемлекеттік Әнұранымыз барша әлемге танылған.  Біздің еліміз қабырғалы, дамыған мемлекеттермен  терезесін теңеп, сенімді серіктес ретінде мойындалған.

Бұл, ең алдымен, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегінің, біздің халқымыздың жарқын ниеті мен қолдауының арқасында жеткен биік белес!

2012 жылы Астана қаласының ең танымал халықаралық ЕХРО көрмесін 2017 жылы өткізу орны болып танылуы - еліміз үшін тағдырлы тарихи оқиға! Бұл сөзсіз Қазақстанның айтулы мәртебесі, Елбасының айшықты жеңісі, Қазақстан халқының қажырлы еңбегінің айқын нәтижесі, Тәуелсіздік күні қарсаңындағы үлкен сый.

Бүгінде Қазақстанның әрбір азаматы болашағына сеніммен қарайды, елінің жетістіктерін және Қазақстан Республикасы азаматы екенін мақтан тұтады.

Біз Президент Нұрсұлтан Әбішұлын, барша Қазақстан халқын Тәуелсіздік күнімен құттықтаймыз! Қазақ жеріне бірлік, бейбітшілік және ырыс тілейміз.

Ұлы мереке бізге әрқашан Отанымыздың ізгілігі, келешек ұрпақтың бақытты өмірі жолындағы жарқын жетістіктерге бастайтын қайсар күш-қуат, берік сенім сыйласын!

Мереке құтты болсын,  қадірлі отандастар!»,-делінген Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің құттықтауында.