Тәуелсіздік күні қарсаңында 75 тараздық жас отбасыға пәтер кілттері тапсырылды

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 23 жылдығын мерекелеу қарсаңында Таразда жас отбасыларға пәтер кілттері тапсырылды, деп хабарлады Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметінен.

Тәуелсіздік күні қарсаңында 75 тараздық жас отбасыға пәтер кілттері тапсырылды

75 пәтерлік тұрғын үй облыс орталығының оңтүстік-батыс бөлігіндегі «Бәйтерек» жаңа шағынауданында бой көтерген. Бұл тұрғын үй «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасының аясында жас отбасыларға арнап салынған. Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Бекболат Орынбеков атап өткендей, 2020 жылға қарай 2,8 млн. шаршы метрден астам баспананы пайдалануға беру үшін «Қолжетімді баспана-2020» мемлекеттік бағдарламасын орындауға аймақтың барлық мүмкіндіктері бар. 2010 жылдан бастап аймақта тұрғын үйлерді пайдалануға беру жоспары асыра орындалуда - соңғы екі жылда ғана 442 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді. «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ желісі бойынша Таразда аумағы 5,6 мың шаршы метр болатын 2 тұрғын үй салынған.