Тәуелсіздік күніне арналған балалардың сурет көрмесі Тұңғыш Президент мұражайында өтеді
АСТАНА. 19 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақстан Тәуелсіздігі күніне арналған балалардың сурет көрмесі 21 желтоқсанда елордадағы ҚР Тұңғыш Президенті мұражайында өтеді.
Экспозицияға «Туған жерім» деп аталатын балалар суреті І Халықаралық байқауы қатысушыларының еңбектері қойылады.
Елорданың ресми сайтының мәліметінше, байқаудың басты мақсаты - жас ұрпақтың бойында патриотизм мен азаматтық жауапкершілікті қалыптастырып, Отанға деген сүйіспеншілік сезімі мен Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне деген қызығушылығын арттыру, сондай-ақ балалардың көркем шығармашылығын дамыту мен кеңінен насихаттау.
Көрмеде: «Қазақстанның өткеніне саяхат», «Қазақстан халқының аңыздары мен ертегілері», «Қазақ халқының дәстүрі мен салттары», «Астана - болашақ қаласы», «Қазақстан 20 жылдан кейін» тақырыптарына еліміздің барлық аймақтарынан жұмыстар ұсынылады. Қазақстан Суретшілер одағы мүшелерінен құрылған қазылар алқасы ұсынылған жұмыстардың кәсіби деңгейінің жоғары екендігін атап көрсетті.