Тәуелсіздік күніне орай Қарағанды облысында бірнеше нысан ашылады

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында Тәуелсіздік күнін тойлау тек салтанатты шаралар және концерттермен ғана шектелмейді, деп хабарлайды өңір басшысының ресми сайты. 
None
None

Мереке күні қайырымдылық акциялары ұйымдастырылып, сыйлықтар табыс етіледі. Сондай-ақ жаңа әлеуметтік және өнеркәсіптік нысандар ашылады деп жоспарлануда. 

«Тәуелсіздік күніне орай облыста 200-ге тарта шаралар жоспарланған. Ол - тақырыптық көрмелер, байқаулар, патриотизм сабақтары, флешмобтар, форумдар мен концерттер, ғылыми-тәжірибелік конференциялар, спорттық сайыстар және т.б. Ерекше назар тұрмыстық жағдайы төмен азаматтарға бөлінеді: облыс бойынша шамамен 20 қайырымдылық акциясы өтіп, онда 28 мың адам қамтылады. Бір реттік материалдық көмек көрсетіліп, азық-түлік жиынтықтары табыс етіледі», - деп мәлімдеді Ішкі саясат басқармасының жетекшісі Нұрлан Рыстин аппараттық жиналыс барысында. 

Оның айтуынша, мереке қарсаңында өңірде 12 жаңа әлеуметтік және өнеркәсіптік нысандар ашылады деп жоспарлануда. Олардың қатарында: Қарағанды және Теміртау қалаларында екі балабақша; Жезқазғанда төмендетілген бағаман тауар сататын «Ұлы дала» супермаркеті; Абай ауданында тігін цехы; Нұра ауданында бизнес-орталық және қонақ үй және т.б. нысандардың ашылуы. Қаражалда және Осакаров ауданында Тәуелсіздік стелалары пайда болады. 

Қарағанды, Балқаш, Жезқазған қалаларында және Ұлытау ауданында жаңа пәтерлердің кілттері табыс етіледі.

Айта кеткен жөн, облыс орталығында Кеншілер мәдениет үйінде 14 желтоқсанда Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиын өтеді. Шара барысында мемлекеттік наградалар табыс етіледі. Мерекеге орай «Қарағанды облысының Құрметті азаматы» атағының жаңа иегерлеріне құрмет көрсетіледі. 

Соңғы жаңалықтар