«Тәуелсіздік монументі жер сілкінісіне төтеп бере ала ма?» - республикалық басылымдарға шолу

ТАНА. 20 қазан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 20 қазан, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Тәуелсіздік монументі жер сілкінісіне төтеп бере ала ма?» - республикалық басылымдарға шолу

***

Қатерлі ісік ауруларымен көп жағдайда егде тартқан кісілер ауыратыны белгілі. Алайда бүгінгі күндері жаңа туған нәресте де осындай дертке душар болуда. Бұл ата-анасынан немесе жартылай гендік тұрғыдан балаға берілу салдарынан болатыны белгілі болып отыр. «Ғасыр дерті» атанған аурудан сақтану әркімнің қолынан келмейтін нәрсе, тек дәрігерден шипа іздеген дұрыс. Осы орайда «Айқын» газетінің тілшісі Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының балалар онкологиясы бөлімінің меңгерушісі, медицина ғылымының кандидаты Бахрам Жұмадуллаевқа жолығып, сыр тартқан. Сұхбат «Қатерлі ісік қасыңда жүр...» деген тақырыппен берілген.

«Айқын» газетінің жазуынша, елімізде әр жылдары түрлі себептерге байланысты өзге мемлекеттерге қоныс аударып, тарихи отанына қайта ораған атақты спортшыларға қолдау көрсететін қоғамдық қор құрылатын болады. Бұл жайында жуырда Әлжан Жармұхамедов атындағы баскетбол мектебінің ашылу кезінде Қазақтың спорт және туризм академиясының ректоры Қайрат Закирьянов мәлім еткен. «Расында да, Кеңес Одағы тұсында және тоқсаныншы жылдардың басында заманның апай-топай кезінде шекара асқандардың қатары қалың болды. Көптеген білікті бапкерлер мен майталман мамандар нәпақа іздеп, күнкөрістің қамымен шетелге қоныс аударды. Бұл күндері олардың дені шет елде спорт саласының өсіп-өккендеуіне еңбек етіп жатыр», - деп жазады басылым.

***

Алматыдағы Тәуелсіздік монументінің түбінде тұрған сәтте әрбір қазақстандықтың басына еліміздің арғы-бергі тарихы, бүгінгі жетістігі, азаттық пен жариялық жайлы ойлар келеді. Көкке созылған биік тас бағанның ұшар басы кез келгеннің көзін тартады. Ал енді... құдай бетін ары қылсын, соңғы кездері біз аса қастерлі биік обелисктің жалп етіп құлап қалғанын да елестетуге мәжбүрміз. Қандай қорқынышты! «Тәуелсіздік монументі жойқын жер сілкіністеріне төтеп бере ала ма?» дегенге бас қатырып жүргенде, Республика алаңында басталған тағы бір құрылыс алаңдаушылықты әбден үдетіп жіберді. Бұл жайында «Алаш айнасы» газетінің бейсенбілік санындағы «Тәуелсіздік монументі жер сілкінісіне төтеп бере ала ма?» деген тақырыптағы мақалада кеңінен баяндалған.

«Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санында «Қазақстан фермелері одағы» қоғамдық бірлестігінің вице-президенті Ақжол Әбдуқалимовпен арадағы сұхбат «Қырғыздарда бар «Жайылым туралы» заң бізде жоқ» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Негізі, бізге бұрынғы КСРО құрамында болған мемлекеттердің мал шаруашылығын нарықтың жолына дұрыс қоя білгендерінен үлгі алу керек. Сонда халықтың әл-ауқатын арттырып қана қоймай, үйде отырған жұртты жұмыспен қамтуға, бюджеттен тыс нәпақа табуға, нарықты да етпен, сүтпен қамтуға болады. Есесіне, бұл адамдар мемлекеттің қолына қарайламайды, несие, субсидия сұрап мазаламайды», - дейді.

***

«Тәуелсіздіктің торқалы тойын елорданың жүзден астам тәртіп сақшысы басыбайлы баспанасында қарсы алатын болды. Олай дейтініміз, кеше қалалық ішкі істер департаментінің қызметкерлері полицейлерге арналып салынған жаңа тұрғын үй кешенінің ашылу рәсіміне қатысып, өз пәтерлерінің кілтін алды», - деп жазады «Астана ақшамы» газеті «Полицейлерге пәтер берілді» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, Сарыарқа ауданында бой көтерген кешеннің жалпы аумағы - 8947 шаршы метр. Пайдалануға берілген эконом класс санатына жататын 108 пәтердің құрылысын «Бәйтерек - 2007» ЖШС салған.

***

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Түркия Республикасының Президенті Абдулла Гүлге елдің оңтүстік-шығысындағы террорлық әрекет құрбандарына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. «Юксекова және Чукурджада террорлық әрекет салдарынан түрік әскерлерінің қаза тапқаны туралы суық хабарды терең күйзеліспен қабыл алдым. Бауырлас Түркияның басынан кешіп отырған осы орны толмас қасіретті Қазақстан халқы да бөліседі. Қазақстан халқының және өз атымнан қаза тапқандардың отбасыларына, туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамын», - делінген жеделхатта.