«Тәуелсіздік» пен «Назарбаев» – егiз ұғым» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 9 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 9 желтоқсан, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Тәуелсіздік» пен «Назарбаев» – егiз ұғым» - республикалық басылымдарға шолу

***

«Айқын» газетінің бейсенбілік нөмірінде «Тәуелсіздік» пен «Назарбаев» - егiз ұғым» деген тақырыппен мақала жарияланды. Мақалада 1991 жылы 16 жел­тоқсанда Қазақстан Респуб­ликасының Жоғарғы Кеңесінде Елбасымыз Н. На­­­­зарбаевтың ұсы­нысымен «Қазақстан Рес­­публикасының Тәуел­сіздігі туралы» Консти­ту­ция­лық заңның қабылданған сәтіне куә болған сенатор Қуаныш Айтаханов пен «Тәуелсіздік үшін күрес енді басталды» деген ұстанымның басында жүрген саясатта­нушы Дос Көшімнің пікірлері берілген. «Бұл аса зор тарихи оқиға әр­бір отандасымыздың санасында салтанатты күн болып қалды. Жақ­сы күн жарқын жалғасын тапты. Тарих үшін көзді ашып-жұмғандай ғана қысқа мерзімде, он тоғыз жылда мұндай дәрежеге жеткен қандай мемлекет бар? Тәубе дейік Тәуелсіздігімізге! Нұрсұлтан Әбіш­ұлының сол кезеңнен бастап, күні бүгінге дейін жасампаздықпен жүр­гізіп келе жатқан сындарлы саясаты елге, ұлтқа, Отанға адал қыз­мет етудің жарқын мысалы. Жан­қиярлықтың үздік үлгісі», - дейді Қ. Айтаханов.

Ал Д. Көшімнің пікірінше, Тәуелсіз мемлекеттің жұмысы Тәуелсіздік үшін күрескен аза­маттарды құр­меттеуден басталуы керек. Сол ілтипатты көріп өскен, Тәуел­сіздіктің қандай қиын­дықтармен келгенін түйсінген жастар өз елінің Тәуелсіздігін қорғауға күш салады. Қазақ жұрты өз азаттығы үшін 300 жыл бойы күрес жүргізгенін жас ұрпақ есінен бір сәт те шығармауы тиіс. Бұл үшін бізде Сырым батыр­дың, болмаса Кенесары ханның ең ірі көтеріліс жасаған күні сияқты маңызды датаны «Тәуелсіздік үшін күрес күні» деп жариялауымыз ке­рек.

Сондай-ақ «Айқын» газетінің бүгінгі санында «Малайзияда мақтанатын қазақтар бар немесе шалғайдағы елде мемлекеттік тілдегі газет қалай шығып жатыр?», деген тақырыппен мақала басылды. «Малайзиядағы «Limkokwing» университеті магистратурасының түлегі, «KMB Group» жауапкер­шілігі шектеулі серіктестігінің ди­ректоры Меруерт Нұрахмет кеше редакциямызға арнайы келіп, Малайзияда жарық көре бастаған «MyKaz» газеті туралы әңгімелеп берді», делінген мақалада. Бұл жайында толық білгіңіз келсе газеттің бүгінгі нөмірін жіберіп алмаңыз.

***

«Алаш айнасы»
газетінің жазуынша, кеше «KAZENERGY» Қауымдастығының төрағасы, Бокс федерациясының президенті Тимур Құлыбаев Гуанчжоуда өткен жазғы Азия ойындарында бокстан жеңімпаз және жүлдегер болған спортшылар мен оларды дайындаған бапкерлерді қабылдап, ел намысын қорғаған азаматтарға лайықты құрмет көрсетті. «Қиын бәсекеде еліміздің туы желбіреп, әнұранының шырқалуына себеп болған спортшыларымыз бен бапкерлердің маңдай тері десек те болады. Жұмысымыздың дұрыс бағытта келе жатқанын көріп отырмыз. Біз спортшыларымыз бен бапкерлеріміздің жұмысын бұдан әрі қарай да қолдаймыз», - деп атап көрсеткен Т. Құлыбаев марапаттау рәсімінде. Мақала «Федерация Азия жүлдегерлеріне сыйақы берді», деген тақырыппен жарияланды.

***

Сонау ықылым замандарда Түркі қағанаты деген атпен белгілі болып, әлемдік өркениетте ойып орын алған Көк Түркілердің Еуразия құрлығына өркен жайған ұрпақтары бүгінде тегін іздеп, туыстық бірлігін күшейту арқылы ынтымағы ұйысқан тұтастыққа ұмтылуда. Мұндағы мақсат - Түркі мәдениетінің әлемдік өркениетке бұған дейін қосқан, қосып жатқан бай мұрасын насихаттап, бірлігімізді паш ету. 2009 жылдың қазан айының 2-сінде Әзербайжанның Нахычван қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттердің 9-саммитінде Түркі тілдес елдердің Ынтымақтастық кеңесін құрып, соның аясында Түркі дүниесінің Ақсақалдар кеңесін жасақтау туралы қабылданған шешім осындай игі мақсатқа талпыныстың бастапқы қадамы болған еді. Осы орайда «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санында «Түркі жұртының тұтастығына Ақсақалдар кеңесі жауап бермек», деген тақырыппен мақала жарияланды. Мақалаға таяуда елордада өткен Түркі тілдес елдердің Ақсақалдар кеңесінің алғашқы отырысы арқау болған.

***

«Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федералдық жиналысы Федералдық Кеңесінің төрағасы Сергей Мироновты қабылдады», деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның атап өтуінше, әңгіме барысында екі жақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер талқыланды. «Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен әңгімелесу барысында біздің елдеріміз арасындағы екі жақты қарым-қатынастардың әртүрлі мәселелері бойынша пікір алмастық. Біз сондай-ақ ТМД аумағындағы Бірыңғай экономикалық кеңістік құру мәселесін талқыладық. Нұрсұлтан Әбішұлы Астанадағы ЕҚЫҰ-ның Саммиті кезінде Қазақстан тарапынан атқарылған жұмыстар туралы айтты. Сіздердің елдің күш-жігерінің арқасында өткен саммит Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымын жаңа өмірге бастады. Мен Президентті жоғары деңгейдегі осы кездесудің табысты өтуімен құттықтадым. Сонымен қатар, мен Нұрсұлтан Назарбаевпен шын мәнінде өзінің архитектуралық әсемдігімен сүйсінтетін елорда - Астана туралы өз әсерімді бөлістім», - деп атап өткен кездесуден кейінгі брифингте С.Миронов.