Тәуелсіздік сарайының маңынан күдік туғызатын қорап табылды деген телефон қоңырауы Астананың барлық жедел қызметтерін аяғынан тік тұрғызды
АСТАНА. 23 қараша. ҚазАқпарат - Тәуелсіздік сарайының артындағы трансформатор күркесінде бомбасы бар деген күдікті қағаз қораптың табылғандығы туралы соғылған телефон қоңырауы дүйсенбі күні Астанадағы жедел қызметтің барлығын аяғынан тік тұрғызды.
Бұл туралы ҚР Төтенше жағайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Сағат кешкі 22.05-те Төтенше жағдайлар департаментіне күрке ішінде күдікті қораптың табылғандығы туралы ақпарат келіп түседі.
Арнайы іс-шаралар барысында жарылғыш зат табылған жоқ. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ, деп толықтырды ТЖМ баспасөз қызметі.
Төтенше жағдайды жою үшін жедел іс-әрекет ету қызметінің 38 адамы мен 7 техникасы, соның ішінде Астана қаласы ТЖД жеке құрамындағы 21 адамы мен 2 техникасы, сондай-ақ «Орталық аймақтық аэромобилді жедел-құтқару жасағы» ММ 4 адамы мен 1 техникасы жұмылдырылды.