«Тәуелсіздік шарапаты 16 мыңнан астам сотталған адамды қамтиды» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 8 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 8 желтоқсан, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
«Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астананың сол жағалауында іргесі қаланған жаңа «Хазірет Сұлтан» мешітіне арнайы келіп, нысанның құрылыс барысымен танысты», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті «Елорданың тәуелсіздікке тартулары» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, «Хазірет Сұлтан» мешіті - Қазақстан бойынша ең үлкен күмбезді мешіт. Оның биіктігі - 51, ені - 28,1 метр. Ал бұл күмбездің жиегіндегі 8 күмбездің әрқайсысының ені 7,6 метр, ал вестибюль күмбезінің ені 15,2 метр. Мешіттің айшықты келбетін 4 мұнара толықтырады. Олардың әрқайсысының биіктігі 77 метр. Сонымен қатар осы күні Мемлекет басшысы мерейтой қарсаңында пайдалануға берілген тағы бір жаңа нысан - №1 көпбейінді қалалық ауруханаға ат басын бұрған. Толығырақ басылымның бүгінгі нөмірінен біле аласыздар.
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Литва астанасы Вильнюсте өтіп жатқан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлері кеңесінің 18-ші отырысы кеше өз мәресіне жетті. Еліміз Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов бастаған қазақстандық делегация қатысқан кеңес аясында көптеген шаралар жүзеге асырылды. «Сондай игі шаралардың бірі «Қазақстан - Балтық елдері тұрғындарының көзімен» деп аталған фото және сурет көрмесінің өткізілуі болды. Мұнда 50-ге тарта танымал және әуесқой фотосуретшілердің және мектеп оқушыларының туындылары қойылыпты. Суреттерде негізінен табиғат көріністері, қазақтардың тұрмыс-тіршілігі бейнеленген. Ал мектеп оқушыларының суреттерінде қазақтың ұлттық ою-өрнектері, Астана мен Бәйтерек көрініс тапқан», - деп жазады басылым.
***
Сенаттың кешегі отырысында «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заң қабылданды. Құжат Қазақстан Президенті қол қойған күннен күшіне енеді. Бұл жайында «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санындағы «Тәуелсіздік шарапаты 16 мыңнан астам сотталған адамды қамтиды» деген мақалада айтылған. Ресми мәліметтерге сәйкес елімізде 52 мыңнан астам адам қамауда ұсталып отыр. Ал Парламент қабылдаған рақымшылық заңы 16187 адамға қатысты болады. оның ішінде 2142 адам түрмеден босатылады. 534 адамның қылмыс жазасын өтеу мерзімдері қықартылады.
***
Сыртқы сауда заңнамасын ырықтандыру, Қазақстан Республикасының Кеден одағына кіруі, кедендік бақылау уақытын қысқарту жағдайында кеден қызметінің рөлі айтарлықтай артты. Осыған орай аталған маңызды міндеттерді орындаудағы жұмыс нәтижелері туралы «Айқын» газетінің бүгінгі санында Кедендік бақылау комитетінің төрағасы Серік Баймағанбетов кеңінен тарқата баяндаған. «Қазірдің өзінде Кеден одағының басымдылығы еліміздің көптеген бизнес қауымдастықтарының өкілдері тарабынан оң баға алып отыр. Мұның куәсі халықаралық транзит көлемі өсті, шекара маңындағы сауда көбейді, кәсіпорындар өздерінің кооперациялық байланыстарын кеңейтті, ол осының бәрі жалпы алғанда, бизнестің өзара саудадағы шығындарын қысқартуға ықпал етіп отыр», - дейді ол.
***
«Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Грузияның Премьер-министрі Николоз Гилауриді қабылдады», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Кездесу барысында екіжақты қарым-қатынастарды дамытудың өзекті мәселелері талқыланды. Қазақстан мен Грузияның сауда-экономикалық ынтымақтастығының перспективалары қаралды. Н.Гилаури Нұрсұлтан Назарбаевты Тәуелсіздіктің 20 жылдығымен құттықтап, Мемлекет басшысына 2012 жылы Тбилисиге ресми сапармен келіп қайту туралы Грузия Президенті Михаил Саакашвилидің шақыруын тапсырды.