Тәуелсіздік тарландары: Ақмола облысының белсенді жастары марапатталды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Астрахан ауданында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздік тарландары» атты жастар форумы өтті.

Тәуелсіздік тарландары: Ақмола облысының белсенді жастары марапатталды

Шарада өңірде жастар саясатын дамытуға үлес қосқан белсенді жастар марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

«Сіздер Қазақстанның жас ұрпағысыздар. Бүгінгі жастар адамның зияткерлік және шығармашылық әлеуетін жүзеге асыруға толық еркіндігі бар уақытта өмір сүру бақытына ие болып отыр. Мемлекетіміз өз кезегінде түрлі салаларға, соның ішінде білім беру, денсаулық сақтау, ғылым, шағын және орта бизнесті дамыту, мәдениет және спорт салаларына қамқорлық жасап, қолдау көрсетуде. Әсіресе, ауылға жұмысқа келген жас мамандарға үлкен көңіл бөлініп отыр. 2021 жылы біздің ауданға 13 жас маман келді, оларға «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 55 миллион теңгеден астам тұрғын үй алуға жерасты және бюджеттік несиелер берілді», - деп атап өтті аудан әкімінің орынбасары Жанар Шақпұтова.

Астрахан ауданында көптеген байқаулар мен олимпиадаларға қатысып, жоғары кәсібилік деңгейін көрсетіп жүрген жас педагогтар баршылық. Солардың арасында Серікгүл Омарбекова, Төлепберген Бұғыбай, Айбат Имантаева сияқты жастар аудан мақтанышына айналған. Ауданда жастары арасында спортты дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру маңызды мемлекеттік міндетке айналды. Осы мерейтойлық жылы Астрахан ауданының жас спортшылары туған өңірін жаңа жеңістерімен қуантып отыр. Мәселен, Жамбыл Оспанов – гір спортынан Әлем чемпионатының және Азия чемпионатының күміс жүлдегері, Абай Әнуарбеков жастар арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері, Юрий Климек Президенттік көпсайыстан Қазақстан чемпионы, Айнұр Дүйсенбек әйелдер күресінен Қазақстанның қола жүлдегері атанды.

Сонымен қатар, аудан жастары Президент Қасым – Жомарт Тоқаевтың еріктілікті дамыту туралы үндеуін қабылдады және осы бағыттағы жұмысты белсенді жалғастыруда.

«Бүгінде жастардың ел өміріндегі басты рөлдерінің бірін атқаратынына ешкімнің күмәні жоқ. Еліміздің табыстары мен жетістіктері жастардың қоғамдық-саяси өмірге қатысуы мен белсенділігімен тығыз байланысты. Жастарды дамытуға бағытталған жастар саясаты аясында жүзеге асырылып жатқан барлық жобаны мемлекеттің болашағына салынған инвестиция деп білуге болады. Себебі елдің ертеңгі жас ұрпақтың қолында», - деді Астархан аудандық әдениет үйінің көркемдік жетекшісі, «Асылжан» қайырымдылық қорының негізін қалаушы Асылжан Пирбергенов.

Форум аясында Тәуелсіздік құрдастарының Астрахан агротехникалық колледжінің оқушыларымен кездесуі өтті.