Тәуелсіздік тартуы: Ақмола облысында жаңа кітапхана ашылды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу қарсаңында Бурабай кентінде қайта жөнделген ауылдық кітапханасы есігін айқара ашты. Мәдениет ошағына «Үлгілі ауыл кітапханасы» деген жаңа мәртебе берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Тәуелсіздік тартуы: Ақмола облысында жаңа кітапхана ашылды

Ақмола облыстық мәдениет, архивтер және құжаттамалар басқармасының мәліметінше, ағымдағы жөндеу және жобалау жұмыстарынан кейін кітапхананың материалдық-техникалық базасы заманауи жабдықтар мен жиһаздар, жаңа компьютерлік техникамен толықты. Кітап қоры да айтарлықтай жаңартылды.

Кітапханада 30 орындық оқу залы, мерзімді басылымдар залы, коворкинг-орталық, мәдени-сауық орталығы, «Парасат жолы» орталығы, «Мобильді кітапхана» бұрышы, балалар залы бар.

«Бурабай кентінің модельді кітапханасы ыңғайлы, жайлы болды, қонақтар үшін – ашық қорлар, электрондық ресурстар, тегін Wi-Fi, осының барлығы тұрғындарға рухани азық алуға мүмкідік береді», - деді ведомстводан.

Шарада Бурабай аудандық мәслихатының хатшысы Мәлика Нұрпанова, Ақмола облыстық мәдениет, архивтер және құжаттамалар басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова, Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Құдайберлі Мырзабек, Бурабай ауданының мәдениет бөлімінің басшысы Дәмеш Қарсыбаева, сондай-ақ қоғам қайраткерлері мен кітапхана ісінің ардагерлері сөз сөйлеп, ауыл тұрғындары мен кітапхана оқырмандарын қуаныштарын құттықтады.

Айта кетейік, Ақмола облысында 331 мемлекеттік кітапхана жұмыс істейді, оның 289-ы ауылда. Тәуелсіздік жылдары облыста 123 кітапхана ашылды.