Тәуелсіздік туралы 100 әңгіме: Сенат жас мемлекеттің саяси жүйесін тұрақтандырды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «ҚазАқпарат» ХАА» АҚ электронды нұсқада «Тәуелсіздік туралы 100 әңгіме» кітабын шығарды. Қазақ, орыс және ағылшын тіліндегі электронды кітап - 1991 жылдан бастап бүгінгі күнге дейінгі соңғы үш онжылдықтағы Қазақстан Тәуелсіздігінің жетістіктерімен тікелей немесе жанама байланысты бірегей оқиғалар альманахы.
Спикерлердің көпшілігі тарихи оқиғаның куәгері бола отырып, өздерінің жеке естеліктері мен эмоцияларымен бөліседі, ел дамуының әрбір нақты кезеңінің бұрын белгісіз болған бөлшектерін еске алады. Сонымен қатар, бұл кітапта соңғы 30 жыл ішіндегі экономикалық, қоғамдық-саяси және мәдени процестерді талдайтын салалық сарапшылардың пікірлері келтірілген. Әңгімелерде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саясаттағы бейнесі ерекше орын алады.
«ҚазАқпарат» ХАА оқырмандар назарына осы кітаптан үзінділер жариялайды.
Сенат елдің саяси жүйесін тұрақтандырды
Өмірбек БӘЙГЕЛДІ
1996-1999 жылдары ҚР Сенатының бірінші төрағасы, экономика ғылымдарының докторы
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында көрші Ресей ақша реформасын жүргізіп, бізді «ағаш» рубльмен қалдырды. Бума-бума ақшаға сатып алуға болатын ештеңе қалмады. Адамдардың есі шықты. Бірақ Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бұл мәселені шешудің нақты жолдарын тапты. Ол ешкімге айтпай-ақ әбжіл әрекет етті, шетелде өзіміздің мемлекеттік валютаны басып шығарды және оны елімізге жеткізді. Әлі есімде, төл теңгені сақтайтын орын болмай, қаржы қорын сақтау тек біздің Жамбыл облысында ғана болды. Жаңа валюта ұшақпен әкелінді және құпия жерге жеткізілді.
Біз төл теңгеміз өз қалтамызда болғанда ғана, нағыз Тәуелсіздіктің келгенін, оның шынайы екенін түсіндік. Баршамызды өз еліміз, өз теңгеміз бар деген сезім шабыттандырды. Бұл біздің ұлт ретіндегі қысқа кезеңдегі қол жеткен жеңістеріміздің бірі еді. Әрине, бұндай жеңістер содан кейін де қайталанды, көп болды. Бірақ бұл жолғысы ерекше болатын.
Тағдыр маған әр уақытта екі палаталы Парламенттің жақтастарының лагерінде болуды бұйырыпты. Сол кезде бір палаталы парламенттік жүйесі бар көрші республикаларда саяси ахуал жиі шиеленіске түсті, осыған байланысты Қазақстанда екі палаталы Парламент құру қажеттігі байқалды. Сенат жас мемлекеттің саяси жүйесін тұрақтандыруға тиіс еді.
Мен көп жылдар бойы облыстық деңгейдегі мемлекеттік қызметте жұмыс істедім. Көп нәрсені бастан өткердім, жақсы оқиғалар мен қиын кезеңдер болды. Елбасы маған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы болуды ұсынған кезде, мен келістім. Сол күндері біз елімізді дамыту үшін қажетті көптеген заңдарды келісіп, бірге қабылдадық.
Бүгін кейбір азаматтар: «Бізге Сенат не үшін керек?» деген сұрақ қояды. Сонда - АҚШ, Франция, Ұлыбритания және басқа да дамыған елдердің азаматтары неге осындай сұрақ қоймайды деген ой келеді. Бұл мемлекеттерде екі палаталы парламенттік жүйе көптеген жылдар бойы табысты жұмыс істеп келеді.
Егер келешекті ойласақ, онда әлеуметтік тыныштықты сақтау үшін құқықтық актілерді, заңдарды жасау және қабылдау сапасына ерекше рөл беріледі. Әдетте заң жобасы әзірленгеннен кейін Парламент Мәжілісінде талқылаудан өтеді, содан мақұлданғаннан кейін Сенатқа түседі. Парламенттің екі палатасында мұқият талқылаудан кейін қабылданған заң Президенттің қол қоюына жіберіледі. Біз Парламенттің тиімділігі мен ол қарастыратын және қабылдайтын заңдар туралы сөйлескен кезде бұны ескеруіміз керек.
Бәлкім, бүгінде қос палаталы жүйенің өз сыншылары мен қарсыластары бар шығар. Бірақ мен Мәжіліс пен Сенаттан тұратын қазақстандық Парламент Тәуелсіздігіміздің қалыптасуы мен дамуының күрделі процесінде өзінің тиімділігі мен өмірлік қажеттілігін әлдеқашан дәлелдеген деп санаймын.