Тәуелсіздік жылдары 960 мың адам Қазақстан азаматтығын алды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тәуелсіздік жылдары ішінде 960 мың адам Қазақстан азаматтығын алды. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Азматтық мәселелер жөніндегі комиссияның отырысында еліміздің Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова мәлім етті.
«Бүгінгі отырыста әдеттегідей, азаматтық алу, азаматтықтан шығу мәселелері қозғалады. Содан кейін Елбасының тапсырмасы бойынша қазір оралмандарға байланысты көші-қон саясатына өзгерістер енгізілді. Бүгін осы мәселелер қаралады», - деді отырысты ашқан Г.Әбдіқалықова.
Мемлекеттік хатшы Тәуелсіздік жылдары ішінде 960 мың адам келіп, еліміздің азаматтығын алғанын атап өтті.
«Тұңғыш Президент күні қарсаңында бізге тағы да 734 өтініш келіп түсті. Бұл біздердің комиссияның бұған дейінгі отырысында қарастырған өтінімдерден көп. Содықтан да жаңа азаматтарға «қош келдіңіздер» дейміз», - деді ол.
Сонымен қатар оның атап өтуінше, комиссия қарауына Қазақстан азаматтығынан шығуға да өтініштер келіп түскенін айтты. Мемлекеттік хатшының сөзіне қарағанда, олардың саны азаматтық алуға ниет білдіргендерден бірнеше есе төмен.