Тәуелсіздік жылдары Елбасының қамқорлығы арқасында азат ақпарат кеңістігі қалыптасты - Мемлекеттік хатшы

None
None
АСТАНА. 27 маусым. ҚазАқпарат -  Тәуелсіздік жылдары Елбасының қамқорлығы арқасында азат ақпарат кеңістігі қалыптасты.

Бүгін Ақордада ҚР Президентінің БАҚ саласындағы сыйлықтары мен гранттарын табыс еткен еліміздің Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммед осылай деді.

«Тәуелсіздік жылдары Елбасының қамқорлығы арқасында азат ақпарат кеңістігі қалыптасты деп нық сеніммен айта аламыз. Кеңес Одағы тұсында қалалық деңгейдегі газет ашу үшін тек Мәскеудің рұқсаты керек болатын. «Алматы ақшамы» газетін ашу үшін қанша машақаттың қажет болғандығын аға буын журналистер ұмыта қоймаған болар деп ойлаймын. Бүгінде кез келген газет, журнал  ашу үшін оны Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркеуден өткізсе жеткілікті. Бұдан артық қандай еркіндік қажет. Ендеше қалам ұстаған қауым осы қамқорлықты қадірлей білуі керек. Азат елдің ақпарат құралдары ұлтты ұйыстыруға, алуан ұлт өкілдерін береке-бірлікке шақыруға, Елбасының зор сенімін ақтауға қызмет істеуі тиіс деп есептеймін», - деді ол.

Сонымен қатар Мемлекеттік хатшы бүгінгі таңда елімізде 2514 газет-журналдың, 238 электронды БАҚ-тың, оның ішінде 100-ге жуық телеарналар мен радиостансалардың жұмыс істеп тұрғандығын баса айтты.

М.Құл-Мұхаммед сөзінің соңында журналистерді ел өмірінде өтіп жатқан оқиғалардан сырт қалмай, оған белсенді араласуға шақырды. Сонымен қатар оларға жаңа шығармашылық жетістіктер, қаламының қарымды болуын әрі еліміз бен барша қазақстандықтардың игілігі үшін зор табыстар тілейтіндігін жеткізді.

Соңғы жаңалықтар
telegram