Тәуелсіздік жылдары елімізде адам құқығын қорғаудың тұтастай ұлттық институты қалыптасты - М.Тәжин
АСТАНА. 19 қыркүйек. ҚазАқпарат - Тәуелсіздік жылдарында елімізде адам құқығын қорғаудың тұтастай ұлттық институты қалыптасты. Бұл туралы бүгін «2012 жылы Қазақстан Республикасындағы адам құқықтарының ахуалы туралы» және «Қазақстан Республиткасныдағы мигранттар құқықтарының ахуалы туралы» баяндамаларының халықаралық тұсаукесерінде ҚР Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжин айтты.
Еліміздің Конституциясында мемлекеттің ең қымбат қазынасы -адам және адамның өмірі, оның құқықтары мен бостандықтары екені ерекше атап көрсетілгендігін баса айтқан Мемлекеттік хатшы: «Біз осы талаптарды Ата Заңымызда белгіленген демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде қоғамда барынша орнықтырып келеміз. Тәуелсіздік жылдарында елімізде адам құқығын қорғаудың тұтастай ұлттық институты қалыптасты», - деді.
М.Тәжиннің атап өтуінше, аталған саладағы халықаралық ұйымдармен, оның ішінде Біріккен ұлттар ұйымымен берік байланыс орнатылған.
«Соған орай республикамызда жалпы адамзаттық құндылықтарды қалыптастыруға қатысты елеулі жұмыстар атқарылуда. Өткізіліп отырған бүгінгі ауқымды шара осы игілікті істің тағы бір нәтижелі қадамы деп білемін», - деді ол.