Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда 500-ден астам денсаулық сақтау нысандары салынды - Мемлекеттік хатшы

АСТАНА. 15 маусым. ҚазАқпарат - Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда 500-ден астам денсаулық сақтау нысандары салынды.

Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда 500-ден астам денсаулық сақтау нысандары салынды - Мемлекеттік хатшы

Бұл туралы бүгін Астанадағы Конгресс холл сарайында медицина қызметкерлерінің төл мерекесіне орай өткен мерейтойлық кеште ҚР Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммед мәлім етті.

«Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың тапсырмасымен Тәуелсіздік жылдары ұлт саулығына, денсаулық саласын дамытуға, оның инфрақұрылымын жетілдіріп, әлемдік медицинадағы ең үздік техника мен технологияны енгізуге ерекше мән беріліп келеді. Елбасы тапсырмасымен 500-ге жуық медициналық мекемелер салынып, сала қызметкерлерінің жалақылары тұрақты түрде өсіп келеді. Тек соңғы 5 жылдың ішінде мемлекеттік бюджеттің осы салаға бөлінетін қаржысы 4 есеге ұлғайды. 4 мыңға жуық медициналық ұйымдар күрделі жөндеуден өтті», - деп атап көрсетті ол еліміздің дәрігерлерін құттықтау кезінде.

Оның айтуынша, Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда бала туу көрсеткіштері артып, өлім-жітім азайған, адамның орташа өмір сүру жасы ұлғайған.

«Дүниедегі ең қымбат құндылық - адам және оның денсаулығы. Бұл - барша әлем елдерінің Конституциясында жазылған жалпы  адамзаттық қағида. Ендеше дүниежүзінің қай мемлекетінде болмасын, адам мен адам денсаулығына жауап беретін барша дәрігерлердің мамандығы -  ең қымбат мамандық деп білемін», - деп атап өтті М. Құл-Мұхаммед.