Тәуелсіздік жылдарында 7,5 млн сәби дүниеге келді - ҚР Президенті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Тәуелсіздік жылдарында 7,5 млн сәби дүниеге келді. Бұл туралы бүгін Ақордада Қазақстанның әйелдер қауымы өкілдерімен «Көктем шуағы» атты кездесу барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Тәуелсіздік жылдарында 7,5 млн сәби дүниеге келді - ҚР Президенті

«Аталарымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап, ұрпаққа мирас еткен ұланғайыр жеріміз, отанымыз, 18 миллион ғана халқымыз бар. Жаңа заманда адам капиталы, білімді, білікті ұрпақ ең басты байлық деп айтып келеміз. Халықтың саны көп, сапасы жоғары болуы біз үшін айрықша маңызды. Сондықтан біз 20 миллион халқы бар Қазақстанға жетеміз деген мақсат қойдық. Сол себепті мемлекет демография мәселесіне үлкен көңіл бөледі», - деді Мемлекет басшысы.

Осы ретте Қазақстан Президенті елімізде жыл сайын дүниеге келетін  балалардың саны арта түсетіндігі қуантатындығын баса айтты.

«2003 жылдан бастап өмірге бір жылдың ішінде 250 мың сәби келетін болса, былтыр 410  мың отбасы бесік тойын тойлады. Тәуелсіз ел болғаннан бергі 25 жылдың ішінде 7,5 миллион сәби дүниеге келді. Бұл 7,5 миллион ананың қайталанбас ерлігі деген сөз. Бүгінде әрбір 10 қазақстандықтың төртеуі Тәуелсіздіктің перзенті», - деді Елбасы.

Мемлекет басшысы мемлекет қамы үшін жасалған қыруар жұмыстың бәрі ұрпақтың болашағы үшін екенін атап өтті.

«10 жылда жаңа туған балаға берілетін бір реттік жәрдемақы 5 есеге көбейді. Менің тапсырмам бойынша 1 шілдеден бастап 20 пайызға өсетін болады. Тәуелсіздік жылдары 1 300-ден астам мектеп, 1 300-ден астам денсаулық сақтау нысандарын салдық. Биылғы Жолдауымда әлеуметтік сала ең басты басымдық болып қала беретіндігін айттым», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.