Тәуелсіздік жылдарында Ақтөбе облысында 146 елді-мекеннің ежелгі атаулары қайтарылған
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тәуелсіздік жылдарында Ақтөбе облысында 146 елді-мекеннің ежелгі атаулары қайтарылған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлайым Төлебаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Басқарма басшысының айтуынша, осы кезде республиканың белгілі саясаткерлерінің, жергілікті белсенділердің, өлкетанушылар мен тұрғындардың қатысуымен «Туған жер» жобасы аясында Мәртөк, Қобда, Қарғалы және Әйтеке би аудандарында «Ономастика: ұлттық танымға бетбұрыс» тақырыбына іс-шаралар жүргізілуде.
«Жоба қазақ халқының мұрасын сақтау идеяларын талқылауды, ономастика саласындағы тіл саясатын түсіндіруді көздейді. Сол сияқты, идеологиялық жағынан ескірген атауларға анықтамаға беруге мүмкіндік береді», - деп атап өтті спикер.
Гүлайым Төлебаеваның айтуынша, облыстың топономиялық сөздігі жүргізілетін «Мекенжай тізілімі» ақпараттық жүйесінде облыстық маңыздағы 1 қала, аудандық маңыздағы 7 қала, 141 ауылдық округ, 393 елді-мекен, 2912 көше тіркелген.
Осылайша, ауылдық округ атауларының 95%, елді-мекендер атауларының 93 %, көшелердің 91% ұлттық сәйкестікке жауап береді. Тәуелсіздің жылдары 146 елді-мекеннің ежелгі атаулары қайтарылды, әсіресе, ұлттық дәстүрлі атаулар (Қарабұлақ, Көкпекті, Қаратоғай, Құмсай, Аққайын, Бөзтөбе, Ақжайық, Сарыбұлақ т.с.с.) саны артты.