Тәуелсіздік жылдарында елімізде 6 миллионнан астам адам дүниеге келді
АСТАНА. 13 желтоқсан. ҚазАқпарат - Соңғы 22 жылда Қазақстандағы демографиялық ахуал түбегейлі өзгерді. 1992 жылы басталған халық санының төмендеу үрдісі 2002 жылы аяқталды.
«Тәуелсіздіктің алғашқы он жылында халық саны 1,6 млн. адамға төмендеді, бұл ең бірінші халықтың кейбір бөлігінің өздерінің тарихи отандарына кетуіне байланысты, өтпелі кезеңде өлім-жітімнің көп болуы және туудың төмен деңгейіне байланысты болды. 2002 жылдан бастап халық саны ең алдымен табиғи өсім есебінен өсімнің тұрақты үрдісіне ие болды, ал 2004 жылдан бастап көші-қон өсіміне де байланысты қалыптасты. Қорыта келгенде, тәуелсіздік жылдарында еліміздің халық саны жалпы 673 мың адамға немесе 4,1%-ға артты», - делінген ҚР Статистика агенттігінің мәліметінде.
Тәуелсіздік жылдарында елімізде 6 млн.-нан астам адам дүниеге келді және табиғи өсім 3 миллионға жуық болды. 1997 жылдан бастап өлім-жітім бірте-бірте төмендеп, ағымдағы жылдың 10 айында өлім-жітімнің жалпы коэффициенті 1000 адамға 8,16 болып төмендеді.
Естеріңізге сала кетейік, 2013 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша еліміздегі халық саны 17 125,0 мың адамға жетті, соның ішінде қалалықтар - 9 422,0 мың (55%), ауылдықтар - 7 703,0 мың адамды (45%) құрады.